Жасыл алаңдағы батырлар
Өңірде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары жүйелі түрде дамып келеді. Әсіресе инклюзивті спортты өркендету осы бағыттағы ең маңызды жетістіктердің бірі. Бұл өзгерістердің нақты дәлелі ретінде Қарағандыда өткен инклюзивті футбол кездесуін атауға болады. Жергілікті «НОДА» командасы өз алаңында елордалық «Astana UNI» ұжымын қабылдап, жолдастық матч ұйымдастырылды.
Ойынға Қазақстан футбол федерациясының өкілі, «UNI Football League» лигасының басшысы Шыңғыс Темірханов арнайы келіп, жас спортшыларға қолдау білдірді. Оның айтуынша, елімізде тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арасында футболды дамытуға арналған арнайы жоба 2019 жылдан бері тұрақты жалғасып келеді. Бұл бастама – ерекше қажеттіліктері бар балаларды бұқаралық спортқа жүйелі түрде тартуға бағытталған алғашқы ұзақмерзімді жобалардың бірі. Жыл сайын ұйымдастырылатын түрлі деңгейдегі матчтар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың әлеуетін ашуға тың серпін беріп отыр.
– Біз үшін бұл матчтың маңызы ерекше. Бұл – шынайы инклюзияны көрсететін әрі қоғамға аса қажетті әлеуметтік жоба. Кездесуді ұйымдастырып, инклюзивті футболды қолдағаны үшін Қазақстан футбол федерациясына және «Шахтёр» футбол клубына алғыс айтамын. UNI Football League екі жылдан бері жұмыс істейді, осы уақыт ішінде еліміздің әр өңірінде тоғыз секция аштық. Мақсатымыз – әр баланың футбол қауымдастығының бір бөлігі болуына мүмкіндік беру, – деді UNI Football League» лигасының басшысы Шыңғыс Темірханов.
Ойынға қатысқан қарағандылық «НОДА» командасының құрамын тірек-қимыл аппараты бұзылған және ДЦП диагнозы бар балалар құрады. Ал «Astana UNI» ұжымында даун синдромы, аутизм және өзге де ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер өнер көрсетті.
Елорда командасының жаттықтырушысы Пётр Марченко да мұндай кездесулердің тәрбиелік және әлеуметтік әсері зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ерекше балалармен жұмыс – тек жаттықтыру процесі емес, көп уақыт пен шыдамдылықты, үздіксіз қолдауды қажет ететін үлкен міндет. Бір кездері қоғам олардың мүмкіндігіне күмәнмен қараса, бүгінде балалар өз табандылығы арқылы сол күмәнді түгел сейілтіп, жаңа белестерге жетуге қабілетті екенін дәлелдеп келеді.
Жолдастық сипаттағы ойын тартысты өтіп, екі команданың да ынтасы мен дайындығы жоғары болды. Әр гол – балалар үшін ерекше қуаныш, әр сәт – эмоцияға толы тәжірибе. Футболға деген шынайы құштарлық пен командалық рух матчтың ажарын аша түсті.
Ойын 7:4 есебімен қарағандылықтардың жеңісімен аяқталды. Алайда бұл жолы жеңістен де маңыздысы – балалардың өздерін жасыл алаңда еркін сезінуі, жаңа достар тауып, үлкен спортқа тағы бір қадам жақындай түсуі болды.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған мұндай бастамалар қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, жасөспірімдердің болашағына да жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

