Жастарды жұмыспен қамту – қоғам болашағына салынған инвестиция
1 шілдеден бастап Қарағанды облысында Еңбек мобильділігі орталығы 16 жастан асқан оқушыларды, студенттерді және талапкерлерді жазғы демалыс кезінде қоғамдық жұмыстарға тартуды қайта бастады. Бұл бастама жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді.
Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі – бүгінде өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі. Сол себепті жас буынды жұмыспен қамту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар еңбек дағдыларын қалыптастырумен қатар, болашақ маман ретінде өзін-өзі тануға, табыс табуға және әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге жол ашады.
Қоғамдық жұмыстар – кәсіби даярлықты талап етпейтін, әлеуметтік маңызы бар еңбек қызметі. Бұл жұмыстарды мансап орталықтары ұйымдастырады және уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Мұндай қызмет түрі жастар үшін еңбек нарығымен танысудың алғашқы қадамы болып саналады.
Маңызды: Жұмыстарға жолдамалар беру демалыс кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады.
Жұмыс орындары туралы ақпарат enbek.kz порталында «Қоғамдық жұмыстар» белгісімен жарияланған. Бұл арқылы жас қатысушылар өз аймағындағы қолжетімді жұмыс түрлерін қарап, таңдай алады.
Қоғамдық жұмысқа қатысқан азаматтарға ай сайын 40 АЕК мөлшерінде жалақы төленеді. Бұл – тек табыс көзі ғана емес, еңбекке деген құрметтің қалыптасуына да ықпал ететін нақты қолдау.
Жұмысқа орналасу үшін келесі құжаттар қажет:
Ата-аналардың жазбаша рұқсаты (егер жасы 18-ге толмаса),
Жеке куәлік немесе туу туралы куәлік,
Оқу орнынан демалыс кезеңін көрсете отырып берілген анықтама,
Банктік шоттың бар екені туралы анықтама.
Барлық сұрақ бойынша 8 775 644 35 80 WhatsApp нөміріне хабарласуға болады.
Жастарды жұмыспен қамту – тек маусымдық бастама емес, бұл – болашаққа бағытталған саналы саясат. Еңбекке ерте араласқан жастардың жауапкершілігі артып, қоғаммен байланысы нығаяды. Қарағанды облысында қолға алынған бұл бастама – жас ұрпақты қолдаудың нақты үлгісі.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»