Жастарды еліктірген – энергетикалық сусын
ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44803 әскери бөлімінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға арнайы дәрігер маман шақыртылып, жастар жиі тұтынатын энергетик сусындардың зияны туралы айтылды.
Шараның арнайы қонағы – Закарин Алмас Дәуренбекұлы, «Кардиоплюс» ЖШС негізін қалаушы. Кардиолог дәрігер, бірінші санатты кардиохирург. Бүгінгі кеште электронды темекі мен энергетик сусындардың зияны жастарға жеткізілді. 11 жылдық еңбек өтілі бар, дәрігер маманның айтуынша, энергетиктің құрамында ынталандыратын заттардың жоғары дозалары бар: кофеин, гуарана, женьшень, таурин дегендей. Мұндай сусындардың әсері үш-төрт сағатқа созылып, одан кейін өте қатты шаршау байқалады. Энергетиктің күші кеткен соң, асып-тасыған күш-қуаттың орнын демде әлсіздік алмастырады. Ал, қуаттандырушы әсер, негізінен, дененің ішкі қорларының есебінен қамтамасыз етіледі. Энергетикті бір рет қана ішу қауіпсіз, бірақ оны күнделікті тұтынатын болсаңыз, мұның ақыры жүйке жүйесіндегі проблемаларға әкеліп соғады: депрессия мен күйгелектік, пессимизм бой көтереді. Жалындаған жастық шақтың қызығы энергетик сусындар емес деген дәрігер, қан айналым жүйесіндегі сырқат пен басқада аурулардың алдын-алу бес минуттық сусыннан бас тартудан басталатындығын жеткізді. Алмас Дәуренбекұлының пікірінше, мұндай жастарға арналған жиын жиі өткізіледі екен. Шара қонағы мұндай кездесулерді әскери бөлімдер мен мектептерде, колледждерде ұйымдастырған, себебі, бүгінгі таңда жастардың денсаулығы алаңдатарлық дейді, дәрігер. Энергетик сусындарды жастар арасында тұтыну елімізде басты тақырыпқа айналып, зиянды өнімді тоқтату жөнінде тіпті парламент қабырғаларында айтылып жүр, дейді. Медициналық қауымдастық бұл ұсынысты барынша қолдап, аталмыш ұсынысты назардан тыс қалдырмайтындығы айтылды. Энергетикалық сусындардың сыртында 18 жасқа дейінгі тұлғаларға тұтынуға тыйым салынады деп жазылса да, еліміздің статистикасына сүйенген дәрігер маман, кәмелеттік жасқа толмағандардың 3 пайызы аталмыш сусынды күн сайын қолданатындығын жеткізді. Бұл дегеніміз – 11 және 15 жас аралығындағы жастардың 17 пайызы аптасына 6 банка сусынды қолдануға тәуелділік дейді, шара қонағы.
– Ел қорғаған сарбаздың бүгінгі жағдайы алаңдатқандықтан, әскери бөлім мені арнайы шақыртты. Әскери бөлімге сарбаздардың таныстары, туыстары энергетикалық сусындарды алып келетіні айтылды. С-300 зениттік-зымырандық дивизион командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, майор Рамазан Бақтияров мені арнайы шақыртты. Мұндай кездесу ұйымдастырған Қорғаныс Министрлігінің өкілдеріне алғысым шексіз. Энергетиктер жүрек бұлшық етініне салмақ түсіреді. Ауыр физикалық жұмыстан соң және спорттық жаттығулардан кейін қолдануға мүлдем болмайды, осыны жас сарбаздарымыз түсінсе екен деймін. Энергетиктерді басы-көзіне қарамай, жөнсіз тұтыну қан қысымының жоғарылауына, бас сақинасының пайда болуына, жүрек ырғағының бұзылуына және асқазан-ішек жолдарының проблемаларына әкеліп соғуы мүмкін. Газдалған сусынды көп мөлшерде ішу асқазанның қышқылдығын жоғарылатып, іштің кебуі мен диареяны тудыруы мүмкін, – деп атап өтті Алмас Закарин.
Қорғаны жоқ мемлекеттің болашағы да жоқ. Отанды ғана аялап, қорғағымыз келді, біреуге құл, біреуге күң болғымыз келмеді. Бәлкім, «егеулі найза қолға алған, еңку-еңку жер шалған» батырлар мен баһадүрлердің ерлігі болмаса – қазақтың бүгінгі елдігі де болмас еді. Ер жастанып, түн қатқан, алты малтаны ас көріп, сүйем жер үшін сүйегін берген, алшайып тұрып ат мінген арғы аталардың қайсарлығы, тәубе, бүгінгі ұрпақтың да бойынан табылады. Айбынды армиямыз – соның дәлелі!
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»