Жастар жолдау жайлы не дейді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы кезекті Жолдауын жариялады. Осы орайда түрлі сала қызметкерлері мен қарапайым тұрғындар жолдауға қатысты өз пікірлерін білдіруде. Аға буынмен қоса жастардың да айтары бар шығар деген ниетпен AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының кеңесшісі Арафат Мажитовты сөзге тартқан едік.
«Мемлекет басшысы таяу болашақта еліміздің жан-жақты дамуына бағытталған 9 тармақты атап өтті. Әсіресе, ШОБ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, салық заңнамасы мен банк саласындағы заңнаманы жетілдіру, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және т.б. маңызды әлеуметтік мәселелер қозғалды.
Жыл бойы жұртшылық атом электр стансасын салу мүмкіндігін қызу талқылап жатыр. Президент жалпыхалықтық референдум өткізу күнін 6-шы қазанға белгіледі. Бұл күні бәріміз «Қазақстанда атом электр станциясы болуы керек пе, жоқ па?» деген сұрақты шешетін күн.
Жолдауда халықтың әлеуметтік мәселелерін шешетін көптеген бастамалар да ұсынылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық науқанының маңыздылығы мен өзектілігін, қоршаған ортаға құрметпен қарауды, елімізді белсенді түрде жасылдандыруды атап өтті.
Расында да, биыл экология, абаттандыру, аумақтар тазалығы саласында үлкен өзгерістер болды. Біз жағдайдың жақсы жаққа өзгеріп жатқанын көріп отырмыз: жасыл алаңдар көбейіп, аулалар тазаланды, көшелерде қоқыс жәшіктері көбейтілді, жастар арасында қазір экологиялық таза, қайта пайдалануға болатын бөтелкелер мен сөмкелер трендте, көбісі бір рет қолданылатын пластик ыдыстардан бас тартып келеді. Кейде біз күнделікті болып жатқан өзгерістерді байқамаймыз, бірақ сырттан қарасаңыз, бір жыл бұрын қалай болғанын және қазіргі жағдайын талдасаңыз, шынымен де оң динамика байқайсыз.
«Жастар рухы», волонтерлік және жастар ұйымдары облысымызда ғана емес, жалпы республикада экологияның дамуына орасан зор үлес қосуда. Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды үздіксіз жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Әрбір азаматқа Жолдауды оқып, Қазақстанның даму бағытын білуге кеңес беремін», -дейді Арафат Мажитов, AMANAT партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының кеңесшісі.