Жастар және дін
Әлеужелілердің дәурені басталғалы мектеп оқушыларымен, студенттермен профилактикалық жұмыс та жаңа деңгейге көтерілуде. Қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, жоғары оқу орнындарының әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректорлары облыстық кеңестің отырысында діни бірлестіктермен байланысты талқылады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.
Кеңестің кезекті отырысында Қарағанды, Жезқазған және Осакаров аудандарындағы діни ахуал, Қарағанды университетінің студенттерімен профилактикалық іс-шаралар өткізу талқыға салынды. Сондай-ақ, Қазтұтынуодағы мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қатысуымен кеңестің келесі жылға арналған жұмыс жоспары тыңдалды.
Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов облыс орталығында зайырлылық қағидаттарын нығайтуға және діни тұрақтылықты сақтауға ерекше көңіл бөлінетіндігін тілге тиек етті. Халықты деструктивті идеологиядан қорғау, дәстүрлі емес ағымдарды ұстанушылар санын азайту маңыздылығын атап өтті.
— Қарағандыдағы діни бірлестіктер тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін үйлесімді жұмыс істеуде. Олар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, жұмыссыздық мәселесін шешуге көмектеседі, білім беру қызметімен айналысады. «Жусан» гуманитарлық операциясынан келген әйелдер Жергілікті атқарушы органдар мен мұсылман дінбасыларының ерекше бақылауында, — деп мәлімдеді Нұрлан Бикенов.
Жезқазғандағы жағдайды шаһар басшысының орынбасары Зина Ақылбекова баяндады. Қазіргі уақытта мұнда төрт конфессия ұсынған 11 бірлестік тіркелген және жұмыс істеуде. Айтуынша, діни ахуал тұрақты, әкімдік апта сайын мониторинг жүргізіп отырады.
Осакаров ауданында да барлығы жақсы. 21 бірлестік жұмыс істейді. Аудан әкімі орынбасарының мәлімдеуінше, өткен кезеңде қырықтан астам профлилактикалық іс-шара өткізілген.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде бүгінде 64 болашақ дінтанушы білім алуда. Оның 22-сі осы оқу жылында диплом алады. Жоғары оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов атап өткендей, студенттер экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша алдын алу жұмыстарына белсенді түрде қатысуда.
Спикерлерді тыңдаған Абзал Нүкенов ақпараттық-түсіндіру топтары мен жоғары оқу орындарының басшыларына жастармен көбірек жұмыс істеу қажеттігін тағы да ескертті.
Дін істері басқармасының басшысы Дулат Халел өткен кезеңдегі ісшаралар туралы есеп беріп, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар, алдағы уақытта бірқатар қалалар мен аудандарда діни бірлестіктердің кеңестері құрылады.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа облыс әкімдігінің, дін істері басқармасының және әріптестерінің өңірде тұрақты және қолайлы ахуал қалыптастырудағы еңбектерін бағалады.
Кездесуді қорытындылай келе, Абзал Нүкенов Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні жақындап келе жатқанын атап өтті.
— Елбасы жалпы еліміздің дамуына ғана үлес қосып қойған жоқ. Оның кемеңгер саясатының арқасында Қазақстанда конфессияаралық келісім сақталып отыр. Тұңғыш Президентіміз бұл мәселеде өз мемлекетінің деңгейінде ғана емес, жаөандық маңызы бар шешім қабылдады. Өйткені, ол әлемдік діндер съезінің ұйымдастырушысы және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыруда. Қазақстан мен Қарағанды облысының тұрақты дамуына үлес қосқан дін қайраткерлерінің де еңбегі зор. Біз ел игілігі үшін бірлескен жұмысты әлі де жалғастырамыз, — деп түйіндеді Абзал Нүкенов.
Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,
QH