Жастар саясатының негізгі бағыттары мен нәтижелері
Қарағанды қаласында, Мемлекеттік қызметтер және сервис орталығында халыққа консултациялық көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, пресс-тур ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – Қарағанды облысындағы жас буынды қолдау және дамыту, олардың патриоттық санасын қалыптастыру, азаматтық белсенділігін арттыру, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасау.
Қарағанды облысы жастарының рухани, мәдени, білім беру, кәсіби қалыптасуы мен физикалық дамуы үшін тиімді жағдайлар қамтамасыз етілуде. Осы арқылы жастардың шығармашылық әлеуетін ашу және оларды қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына тарту көзделеді. Қазіргі таңда Қарағанды облысы халқының төрттен бір бөлігін жастар құрайды (306 187 адам немесе 27%). Облыстың қалаларындағы жастар саны – 240 127 адам (78,4%), ауыл жастары – 66 060 адам (21,6%). Осы жастардың өмір сапасын жақсарту және қоғамға пайдасын тигізу үшін барлық қала мен аудандарда облыстық және өңірлік жастар ресурстық орталықтары (14), жастар үкіметтік емес ұйымдары (71) жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста 8 жоғары оқу орны мен 54 колледж бар, олар жастарға білім беру және кәсіби қалыптасу мүмкіндіктерін ұсынады.
Қарағанды облысында жастардың тұрмыстық және кәсіби жағдайларын жақсарту үшін түрлі әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, 2022 жылдан бастап өңірде жас мамандарға арналған өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарлама аясында 2023 жылы республикалық деңгейде алғаш рет моноқалалар, соның ішінде Теміртау қаласы да қамтылды. 2024 жылы бағдарламаға қатысушылар саны 145-ке жетіп, облыс бойынша 113 пәтер жастарға берілді. Бұл бағдарламаның тиімділігі облыс тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болды. Қарағанды облысында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жоспарлар қабылданды. 2023-2027 жылдар аралығында бұл санаттағы балаларға 470 пәтер бөлінуі жоспарлануда. 2024 жылы 133 пәтер берілді, оның ішінде Қарағанды қаласында 58 пәтер, Теміртау қаласында 52 пәтер және басқа да қалаларда да тұрғын үй мәселесі шешілуде.
Қарағанды облысының жастарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыру мақсатында 2024 жылы Zhas project гранттары бойынша 14 миллион теңге бөлінді. Бұл гранттар жастардың зияткерлік және шығармашылық бастамаларын қолдауға, сондай-ақ кәсіпкерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Барлығы 196 өтінім түсіп, оның 70-і техникалық іріктеуден өтіп, 14 грант берілді. «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамту көрсеткіштері артып келеді. 2023 жылы республикалық деңгейде 4 900 жас еңбекке тартылды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі мыңға жуық артық.
Жастарды жұмыспен қамту шеңберінде биыл 14 748 жас өтініш беріп, 13 467 адам жұмысқа орналастырылды. Қарағанды облысында волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді. 73 волонтерлік ұйым мен топтары 4,5 мыңнан астам адамды қамтиды, олардың көпшілігі жастар. Волонтерлік ұйымдар мен топтардың жұмысы облыс бойынша түрлі әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған. Сондай-ақ, халықаралық волонтер күніне орай облыстағы еріктілер түрлі аталым бойынша марапатталды, бұл олардың қоғамдағы рөлін арттыруға мүмкіндік берді.
Қарағанды облысында жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін дамытуға да үлкен көңіл бөлінуде. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы аясында облыстың жас сарбаздары әртүрлі республикалық әскери жиынға қатысып, жоғары жетістіктерге жетті. 2023 жылы Алматы қаласында өткен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынында Қарағанды облысының жас сарбаздары Гран-при иегері атанды.
Қарағанды облысында жастардың ең маңызды мәселелерінің бірі – жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселелері. Жастардың жұмысқа орналасуы және олардың кәсіби дамуы үшін көптеген бағдарлама мен жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар, жастардың шығармашылық әлеуетін ашу және қоғамға пайдасын тигізу үшін түрлі бастама қолдауға ие. Бұл ретте жастардың патриоттық өзін-өзі тануын және азаматтық белсенділігін арттыру үшін де маңызды жұмыстар атқарылуда. Қорыта келгенде, Қарағанды облысындағы жастар саясатының бағыттары мен нәтижелері осы аймақта жастардың әлеуетін дамытуға және олардың қоғамға пайдалы болуына септігін тигізуде. Облыстағы жастардың өмір сапасын жақсарту мақсатында қабылданған шаралар мен бағдарламалар олардың кәсіби дамуына, шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетуге, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.
– Бүгінгі таңда, ҚР еңбек нарығы 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама бойынша, Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильді орталықтар, мансаптық орталықтар құрылды. Мансап орталықтарына 55 мыңнан астам адам жүгінген болатын. Оның ішінде 22 900 адам тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылды, – деді Қарағанды облысы Еңбек мобильдік орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Шара барысында «Ten Qogam» әлеуметтік бейімделу орталығының жұмыс нәтижелері жарияланды. Қарағанды қаласындағы «Ten Qogam» әлеуметтік бейімделу орталығы 2022 жылдың қазан айында Қарағанды облысының әкімдігі бастамасымен ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарға әртүрлі бағытта ақпараттық-кеңес беру және ресурстық қолдау көрсету. Орталықтың қызметі келесі бағыттарды қамтиды. Ол: жұмысқа орналасуға көмек көрсету, қоғамда еркін өмір сүру үшін қажетті қолдау көрсету, заңгерлік кеңес беру, психологиялық қолдау көрсету, мемлекеттік қызметтерге қажетті құжаттарды рәсімдеу, техникалық оңалту құралдарын таңдауда көмек көрсету. 2023 жыл ішінде орталыққа 1 798 адам жүгінген. «Ten Qogam» орталығының жетістіктері мен оң нәтижелері оның тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Қарағанды облысының әкімі бастаған бастаманың арқасында, дәл осындай «Ten Qogam» орталықтары Балқаш, Теміртау қалаларында және Абай ауданында ашылатыны белгілі болды. Бұл қадам – мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, олардың өмірін жеңілдетуге бағытталған үлкен әлеуметтік жобаның бір бөлігі.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»