Жастар пластикалық қақпақтардан облыс картасын жасады

Орталық саябақта «Өзіңнен баста!» экоакциясы өтті. Жастар пластикалық бөтелке қақпақтарын жинап, оларды спорт дүкенінің сертификаттарына айырбастады. Ал қақпақтар біздің аймақтың картасын жасау үшін пайдаланылды.

Акцияны Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығы, «Жастар рухы» жастар қанаты және еріктілер ұйымдастырды.

«Пластикалық бөтелке қақпақтарын жинау акциясына 30-ға жуық бала мен жастар қатысты. Олар 500-ден астам пластикалық қақпақтарды жинап, спорт дүкенінен сертификаттар мен термостар алды. Жиналған қақпақтардан біздің облыстың картасы жасалды. Картаны салуға жас суретші және музыкант Жанболат Бабақов көмектесті, суретке еріктілер берген қақпақтар жапсырылды. Енді карта орталық саябақтың жағалауын безендіреді», – деді Қарағанды облысының ЖРО.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Өзіңнен баста!» секілді акциялар жасөспірімдер мен қала тұрғындарының экологиялық ойлауын қалыптастыруға, жұртшылықтың назарын табиғатқа ұқыпты қарауға тартуға қызмет етеді.

«Қаламыздың әрбір тұрғыны «Өзгені түзеткің келсе – өзіңнен баста!» ұранын ұстануы тиіс», – деп сенеді олар.

Қарағанды облысының жастары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы шеңберінде өтетін барлық экоакцияға белсенді түрде қатысады.

Құралай ӘЛЖАППАР, «QH»