Жастар ұйымы мен клубтарының қызметі
Қарағандыдағы жастар ұйымдары мен клубтары аймақ жастарының әлеуетін дамытуға, олардың белсенділігі мен шығармашылығын қолдауға бағытталған. Облыста жастардың білімін жетілдіруге, мәдени және спорттық белсенділіктерін арттыруға, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға, сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосатын көптеген ұйымдар жұмыс істейді. Оларға жеке тоқтала кетсек.
Жастар ресурстық орталығы
Қарағанды облысында «Жастар ресурстық орталығы» жастарға кеңес беру, ақпараттық қолдау көрсету, бос уақыттарын тиімді өткізу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Орталық жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталған тренингтер мен семинарлар өткізіп, жас кәсіпкерлерге арналған бизнес-жоспарлар жасау бойынша мастер-класстар, жастарға арналған әлеуметтік жобалар ұйымдастырады. Сондай-ақ, олар азаматтық белсенділікті арттыру үшін волонтерлік жобаларды қолдайды.
Көшбасшылар мектебі
«Көшбасшылар мектебі» қала жастарының көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл мектепте ұйымдастырылатын бағдарламалар мен тренингтерде жастар өздерінің ұйымдастырушылық дағдыларын жетілдіріп, шешендік өнері мен келіссөз жүргізу қабілеттерін дамытады. Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударып, оларды шешудің инновациялық жолдарын қарастыруды үйренеді.
Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары
Қаламыздың жоғарғы оқу орындарында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейді. Бұл ұйымдар студенттердің құқықтарын қорғау, білім алушылар арасында мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру, түрлі тақырыптағы дебаттар өткізу және еріктілер жобаларын қолдаумен айналысады. Мұндай ұйымдар жастардың білім алумен қатар қоғамдық өмірге белсенді атсалысуына ықпал етеді.
Еріктілер ұйымы
Волонтерлік қызмет – жастар арасында танымал бағыттардың бірі. «Қайырымды Қарағанды» және «Biz birgemiz» сияқты ұйымдар әлеуметтік жобалар аясында мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді, экологиялық мәселелерді шешуге атсалысуды, табиғатты қорғау шараларын ұйымдастыруды көздейді. 2020 жылғы еріктілер жылынан бері волонтерлік ұйымдар саны артып, жастардың белсенділігі күшейе түсті.
Спорт және мәдениет клубтары
Қарағандыдағы спорт және мәдениет клубтары да жастардың белсенді өмір салтын қолдап, олардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасайды. Қалада көптеген спорттық секциялар, клубтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, өнер мен шығармашылыққа бейімі бар жастар үшін театр студиялары, музыкалық және би клубтары сияқты шығармашылық ұжымдар бар. Бұл ұйымдар түрлі жарыстарға, концерттерге, қойылымдарға қатысуға мүмкіндік береді.
«Жас Отан» жастар қанаты
«Жас Отан» – Қазақстанның жастар қанаты, Қарағандыдағы бөлімшесі жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыруға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Ұйым азаматтық ұстаным қалыптастыру, қоғамдық белсенділікке тарту, жастарды елдің дамуына үлес қосуға ынталандыру мақсатында түрлі акция мен шаралар өткізеді.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау клубтары
Қарағандыда жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында әртүрлі курстар мен кеңес беру орталықтары бар. Бұл ұйымдар жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға үйретіп, стартаптар мен инновациялық жобаларға инвестиция тартуға көмектеседі. Мұндай қолдау жастарға бизнес-жоспар жасау, салық мәселелерін түсіну, қаржылық сауаттылық негіздерін меңгеруге ықпал етеді. Қарағандыдағы жастар ұйымдары мен клубтарының қызметі жастардың әлеуметтенуіне, олардың жеке тұлға ретінде дамуына, шығармашылық және кәсіби қабілеттерін арттыруға үлкен үлес қосуда. Олар жастардың өңірдің әлеуметтік және экономикалық өміріне белсене араласуына, қоғамның дамуына септігін тигізуіне көмектесіп келеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»