Жастар форумы
Достық үйінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «SARYARQA JASTARY» жастар форумы өтті.
– Форумға облыстың әртүрлі қаласынан және аудандарынан жастар жиналды. Бұл – ең белсенді және прогрессивті жастар. Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этнокультурлық бірлестіктерінің жастар қанаттарының жетекшілері мен белсенділері де қатысты, – деді Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігінің басшысы Александр Урмашов.
Сонымен қатар форумға облысымыздың жастар ресурстық орталықтарының өкілдері мен еріктілер қатысты. Барлығы да өз елінің болашағы, оның әрі қарайғы прогрессивті дамуы үшін алаңдайтын, бей-жай қарамайтын адамдар.
– Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы өтеді. Осы отыз жылдық аясында жыл бойы, түрлі шара өткізіледі. Жастарды осы шараларға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Біздің жастарымыздың тәрбиесі, белсенділігі еліміздің дамуына үлесін қосады, – дейді Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Ұлан Әдепбеков.
Форум модераторы Александр Урмашов қорытындылай келе, егер әрқайсымыз патриоттық, білімді, еңбекқор, тәртіпті, жауапты, әділ, үнемшіл және мейірімді болсақ, онда біз үшін қол жетпейтін биіктер болмайды, деді. Бұл пікірмен шараға қатысушылардың барлығы толықтай келісіп, қолдады. Форум бағдарламасы үш күнге жоспарланған. Бірінші күні қатысушыларды Ұлттық Дельфий комитетінің президенті және ҚХА шығармашылық ұжымдар қауымдастығының басшысы Құралай Түсбекова тренингпен қарсы алды. Форум жұмысы Бұқар жырау ауданында жалғасып, соңғы күні қатысушылар Теміртау қаласына барды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»