Жастар фестивалі
Қарағанды қаласында «Сенім алаңы» атты жастар фестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік шараны Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығы бірге өткізді. Фестиваль барысында алаң ерекше қажеттіліктері бар жастарды қолдауға бағытталған ашық диалог, шығармашылық және практикалық жұмыс орталығы ретінде қызмет етті. Қатысушылар түрлі тренинг пен мастер-класстарға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шара жастардың әлеуетін дамытуға және әлеуметтік интеграцияны күшейтуге бағытталған маңызды платформаға айналды.
Фестивальге мүгедектігі бар жастар, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар, волонтерлер және инклюзия саласындағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Шара барысында қатысушылар үшін Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен мерекелік жаңа жылдық бағдарлама ұйымдастырылды.
– «Сенім алаңы» жобасы ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған. Жоба аясында түрлі шара ұйымдастырылып, қатысушылардың әлеуметтік бейімделуіне арналған тренингтер өткізілді. Сонымен қатар шеберлік сабақтары, жәрмеңкелер мен көрмелер де өтті. Ал бұл мерекелік шара – жаңа жыл қарсаңындағы қорытынды және жобаның шарықтау шегі іспетті, – деді Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Кабегенов.
Жоба аясында қатысушылардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге, әлеуметтік бейімделуге және өзін-өзі дамытуға арналған тренингтер өткізілді. Сондай-ақ интерактивті және шығармашылық алаңдар ұйымдастырылды. Жыл қорытындысы бойынша белсенді қатысқандар мен инклюзивті жобаларды дамытуға үлес қосқан қатысушыларға ақшалай сертификаттар табысталды.
– Мен Қарағанды облысының әкімдігіне, жастар басқармасына және бүгін бізді, балаларымызды, ата-аналарымызды шақырған барлық қызметкерге алғысымды білдіремін. Олар әрқашан бізді еске алады. Үлкен рақмет! Бүгін осындай сыйлық алатынымды мүлде күтпеген едім, сондықтан өте қуаныштымын, – дейді ерекше қажеттіліктері бар жастардың ата-аналары бастамашыл тобының жетекшісі Жанар Накбосынова.
– Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық ұйымдастырушыға шын жүректен алғыс айтамын. Қарағандылықтардың барлығына сәттілік пен бақыт тілеймін, осы жылы барлық армандарыңыз жүзеге аса берсін. Еңбектеніңіздер, талпыныңыздар – мүмкін емес ештеңе жоқ, – деп атап өтті «Сенім алаңы» жобасының қатысушысы Ержан Амантай.
Шара барысында әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету және инклюзивті ойлауды қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жоба мүгедектігі бар жастардың қажеттіліктерін зерттеп, өңірде инклюзивті саясатты дамытуға арналған ұсыныстар әзірлеуге маңызды алаңға айналды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

