Жастарға үлгі
Кенжебеков Тілек Алшымбекұлы – ҚР ҚК азаматтық персоналы, ҚР ҚК Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 06708 әскери бөлімі «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшісі, Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері және Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы.
Бүгінгі кейіпкеріміз 1968 жылы 7 ақпанда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Сарытерек ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Сарытерек орта мектебін бітіріп, 1986 жылдың сәуірінде Кеңес Армиясының қатарына алынады. Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып, 1988 жылы еліне аман-есен оралады.
Көп жыл бойы ауылдық жердің дамуына үлес қосып, Сарытерек ауылында әр түрлі мамандық саласында тиімді қызмет атқарады.
2002 жылдың күзінде Приозерск қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери бөліміне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданады. Отан алдындағы мінсіз қызметте асқан жауапкершілік танытады. Өзіне берілген тапсырманы абыроймен атқарып, 2013 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарынан құрметті зейнеткерлікке шығады. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет ете жүріп Қарағанды банк колледжінде «Заңгер» мамандығын сырттай оқып бітіреді. Үйленген, жұбайы Жұмакүл Рахымбайқызы екеуі отбасында екі ұл мен бір қызға өнегелі тәрбие беріп келеді.
Бүгінгі таңда Тілек Алшымбекұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 06708 әскери бөлімінде қызмет істейді. Бөлім командирінің бұйрығымен құрылған «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубына жетекшілік етіп келеді. Клуб тәрбиеленушілері 2018 жылдан бері Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына үзбей қатысып келеді. Сонымен қатар клуб тәрбиеленушілері 2018 жылдың қараша айында Астана қаласында өткен Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестиваліне қатысып, жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлап қайтты. 2019 жылы Қарағанды облысының Спасск оқу-жаттығу орталығында өткен Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына арнайы келіп құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілеріне ақ жол тілегенін ұмытпаған жастар әлі күнге дейін зор қуанышпен еске алып келеді.
2021 жылы Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің онлайн форматта өткен конкурсына 06708 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің Тілек Кенжебековтің жетекшілігімен қатысқан жас өнерпаз ұлдары мен қыздарынан жасақталған «Шабыт» домбырашылар ансамблі «Фольклор» номинациясында жүлделі І орынды жеңіп алды.
2022 жылы Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшілері де қатарларынан шет қалған емес. Дәл осы жиында барын салған клуб капитаны Назгүлдің қыздар арасында денені арқаға жатып көтеруден жүлделі ІІІ орынды иеленгенін ерекше жеңістердің бірі деп айтуға болады.
Өткен 2023 жылы халықаралық деңгейде ұйымдастырылып өткізілген ІХ халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Диана Мұсатаева автоматты атыс қаруын жартылай бөлшектеу мен жинау сайысында алдына жан салмай, жас патриоттар арасында республикалық рекордты жаңартумен жеңімпаз атанды.
Тілек Кенжебековтің жетекшілік етуімен 2021 жылы Республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің конкурсына қатысқан 06708 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жас өнерпаз ұлдары мен қыздарынан жасақталған «Әуен» домбырашылар ансамблі «Фольклор» номинациясында жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлап қайтты.
2018 жылы «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы ең алғаш жасақталғанда, клуб тәрбиеленушілерінің қатарынан Нұрхан Алшымбеков бірінші рет топ басшысы болып тағайындалса, келесі 2019 жылы екінші топ басшысы болып сайланған Сәулет Исаев мектепті «үздік» деген бағамен аяқтап, «Алтын белгі» иегері атанды.
Осының барлығын «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тізгінін берік ұстап келе жатқан білікті жетекші Тілек Алшымбекұлының жемісті еңбегінің арқасы деп білеміз.
Қазіргі таңда Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының құрылғанына 10 жыл толуына орай Тілек Кенжебеков клуб тәрбиеленушілерін биылғы жазда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылып өткізілетін Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуға дайындап жүр.
Еңбек адамы, жастардың үлгі тұтар ұстазы Тілек Алшымбекұлының жоғары дәрежелі марапаттары да жетерлік.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»