Жастарға білім мен рухани серпіліс сыйлайтын орта
Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм мен білімге ұмтылыс – ел болашағының кепілі. Мемлекет басшысы Жолдауында осы бағытқа ерекше назар аударған еді. Уақыт талабына сай оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жастарға сапалы білім мен шығармашылық орта қалыптастыру қолға алынуда. Соның жарқын мысалы – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің шетел тілдері факультетінде ашылған жаңа ғылыми оқырман залы. Жаңа форматтағы рухани кеңістік ойлы оқырманның таным көкжиегін кеңейтіп, білімге деген ынтасын арттырады.
Соңғы төрт жылда жүзеге асып келе жатқан кітапхана инфрақұрылымын жаңғырту жобасы – тек кітап қорын толықтырумен шектелмейді. Жобаның басты мақсаты – білім алушыларға заманауи, зияткерлік орта қалыптастыру. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Нұрлан Дулатбековтың айтуынша, бұл бастама – студенттердің сапалы білім алуына жол ашатын маңызды қадам.
— Осыдан төрт жыл бұрын біз үлкен жобаны қолға алған едік. Оның негізгі мақсаты – кітапханаларымызды заман талабына сай жаңғырту болатын. Бұл тек кітап қорын арттырумен шектелмейді. Ең бастысы – студенттердің кітапхананы еркін пайдалануына, онда жайлы жағдайда білім алуына қолайлы орта жасау еді. Бүгінде сол бастама өз нәтижесін беріп отыр – біз бесінші кітапхананы ашып, жобаны сәтті жалғастырудамыз, -деді Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Қарағандыда заманауи форматтағы бесінші кітапхана оқырманға есігін айқара ашты. Мамандардың айтуынша, бұл — қанат қақты жобалардың табысты жалғасы ғана емес, өзіндік стилі мен идеясы бар ерекше бастама. Жаңғыртылған кітапханалар бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының ішкі кеңістігі мен дизайны өзіндік ерекшелікке ие. Бұл оқырманға қолайлы әрі шабыттандыратын орта қалыптастыруға бағытталған, – дейді кітапхана директоры.
— Кітапхананың әрбір бес жобасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мәселен, былтыр филология факультетінде ашылған кітапхана этностильде жасалған болса, биылғы жобаға біз мүлде басқа сипат бердік – бұл жолы кеңістікті еуропалық, нақтырақ айтқанда, ағылшын стилінде безендірдік, -дейді ғылыми кітапхана директоры Гауһар Абдығұлова.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу ұлттық университетінің студенттері жаңғыртылған кітапхананың ашылу шарасына белсенді қатысты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кеңістік жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, білімін тереңдетіп, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Бұл — ізденіске жол ашатын, тың идеялардың тууына серпін беретін маңызды бастама деп бағалайды студент Арайлым Бақытқали.
— Бүгін бесінші кітапхананың ашылуына куә болдық. Жаңа кітапхана бәрімізге ерекше ұнады. Енді оқушылар бос уақыттарын осында өткізіп, еркін түрде кітап оқи алады. Осындай тамаша мүмкіндік жасаған барша жандарға шын жүректен алғыс айтқымыз келеді, -деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу ұлттық университетінің студенті Арайлым Бақытқали.
Білім мен бәсекеге қабілеттілік — жаһандану дәуірінің басты өлшемі. Осындай заманауи талаптарға жауап беретін ғылыми оқырман залы – ізденімпаз жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы болмақ, дейді кітапхана директоры. Айта кетейік, бұл рухани-танымдық шара Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің алғашқы ректоры, академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»