Жасанды зият

Жасанды зият, ақылды технологиялар күнделікті сұранысымызға сай заманауи үлгіде қызмет ұсыну. Қарағанды облысы жасанды интеллекті енгізу бойынша көш бастаған аймақтардың бірі. Біздің өңірде қай салалар озық технологияны табысты қолдана бастағаны туралы аппараттық кеңесте айтылды.

Жаһандану үдерісінде заманауи технологиялар біздің өмірімізге қарыштап енуде. Ақылды көмекші құралдар, озық үлгідегі жаңа қондырғы құрылғы сайып келгенде жасанды интеллектің дами түскенінің айғағы. Және бұл ретте, біздің облыста денсаулық сақтау, білім беру, көлік қызметі мен жол қозғалысын қадағалау бағытында жасанды зиятты қолдану біршама табысты.

– Жасанды интелекті енгізу бойынша алғашқы қадамдар «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жасалып, денсаулық сақтау саласында қолданыла бастады. Облысымыздың 49 медициналық ұйымында ПАКС жүйесі енгізілді. Онда жасанды интеллектті қосу арқылы ағзаны тексеру зерттеулерін сапалы зерделеп, қорытынды шығаруға мүмкіндік берді. Осы цифрлық жоба жұмыс істеп тұрған бес жылда 2 миллион 765 мыңнан астам радиологиялық зерттеулер жүргізілді, – деді Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер мен архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

Айта кетейік, жасанды зият жол қозғалыс барысында ереже талаптардың жүргізуші мен жолаушы тарапынан орындалуын қадағалауға да септігін тигізуде. 1 шілдеден бастап Қарағанды мен Теміртауда 22 жаңа «Жаяу жүргінші» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды. Кешен жаяу жүргіншілер өткелі аумағының бейне көрінісін қадағалап тұрып, сол жерден жолушы мен көлік өткенде сол мезетті түсіріп, оқиға карточкасы даярланады. Жүргінші жолында адам немесе көлік жүргізушісі жол ережесін бұзса, қондырғы арқылы нақты видеодәлелді жинақтап, айыппұл салынады. Осы жылы қалалық әкімшілік тарапынан жол кептелістерін болдырмау үшін «Ақылды бағдаршамдар» жобасын іске асыру көзделген. Жаңа жүйе көлік легін ескере отырып, қиылыстардағы қозғалысты реттейді. Осындай бірқатар жобаны енгізу жоспары айтылды, ал аймақ басшысы бұл мәселеде қауіпсіздікке көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Әсіресе адамның жеке бас мәліметтері, басқа деректер базасы қолды болмауына барынша назар салынуы тиіс.

Жасанды зият жұмысын енгізуге жауапты басқарма басшысы өз сөзінде 1 қыркүйектен бастап облыс мектептерінде оқушылардың жеке басын биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарлануда дейді. Бұл жүйенің көмегімен оқушылар мектепке кіре алады, асханадағы түскі асқа ақы төлей алады және электронды кітапхананы пайдалана алады. Ата-аналар мобильді қосымшаны қолдана отырып, баласының мектеп ғимаратына кіруі және шығуы туралы хабарлама алады, сонымен қатар асханадағы тамақтануды реттей алады екен. Биыл осы жоба негізінде 132 мектепті, ал келер жылы тағы 268 мектепті қамтып, жобаны толықтай жүзеге асыру көзделген.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»