Жасанды интеллект дәрігерлерге көмекке келді
Қазақстанда медицина саласына жасанды интеллект технологиялары барған сайын белсенді енгізіліп келеді. Жаңа цифрлық шешімдер дәрігерлерге инсульт пен онкологиялық ауруларды ерте әрі жылдам анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Осындай жүйелердің бірі – Cerebra автоматтандырылған диагностика платформасы. Ол компьютерлік томография суреттерін талдап, мамандарға инсульттің белгілерін жедел анықтауға көмектеседі. Қазіргі уақытта бұл жүйе еліміздің тоғыз инсульт орталығында, соның ішінде Қарағанды қаласында да қолданылып жатыр.
Мамандардың айтуынша, аталған жүйе енгізілгеннен кейін тромболитикалық терапияны қолдану көрсеткіші шамамен 40 пайызға артқан. Бұл инсульт алған науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар еліміздің онкология саласына қазақстандық ІТ-компаниялар әзірлеген қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған жаңа технологиялар енгізілуде. Арнайы алгоритмдер дәрігерлерге патологиялық өзгерістерді жедел анықтауға көмектесіп, науқастардың сауығып кету мүмкіндігін арттырып отыр.

