Жас жүйріктердің жыр додасы
Қарағанды қаласында жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі «Жыр алыбы – Жамбыл» жас ақындар айтысының облыстық кезеңі өтті. Сөз өнерін серік еткен өрендер көрермен көңілінен шығып, қазылар сынынан сүрінбей, жүлделі орындардан көрінді.
Айтыс «Тақырыптық айтыс» және «Қайым айтыс» атты екі аталым бойынша ұйымдастырылды. Жыр додасының әділ қазылар алқасында белгілі ақын Дидар Қамиев, Нұрмұхамед Байсүгіров пен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Аяулым Совет төрелік етті.
«Тақырыптық айтыс» аталымында бірінші орынға Теміртаудағы «Озат» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Раушан Тоқтоомұрат лайық деп танылды. Екінші орын Нұра ауданындағы М.Дулатұлы атындағы мектептің шәкірті Досжан Толықбаев пен Балқаш қаласындағы Абай атындағы лицейдің 9-сынып оқушысы Айдын Жарылқасынға бұйырды. Жас ақын Айдын бұл айтыста бірден үш қарсыласпен сөз сайысына түсіп, айрықша дарынымен көзге түсті. Әсіресе, оның сахнаға республикалық «Алтын домбыра – 2023» жеңімпазы, Мақсат Ақановтың шапанының үлгісімен тігілген киім киіп шығуы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
– Біз жиі Мақсаттың айтыстарын тыңдаймыз, ұлым одан шабыт алады. Ол да болашақта үлкен ақын болуды армандайды, – дейді Айдынның анасы.
Айдын Жарылқасынның шығармашылық қадамына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Имұхаметова жетекшілік етеді.
– Оны 5-сыныптан бастап оқытып келемін. Алғашқы күннен-ақ өлеңге деген қызығушылығын байқадым. Биыл наурыз айында қалалық айтыста бас жүлдені жеңіп алған болатын. Үні қалыптасып келеді, домбыра тартуды да жақсы меңгерген, өлеңді шебер жазады, – дейді ұстазы.
Үшінші орын Приозерск қаласындағы №1 орта мектептің оқушысы Нұрай Панабековаға берілді. Ал «Қайым айтыс» аталымында үздік шыққан Теміртаудағы «Озат» мамандандырылған мектептің шәкірті Қуаныш Төлепберген.
Барлық жүлдегер I, II және III дәрежелі дипломдармен, ал олардың ұстаздары алғысхаттармен марапатталды. Бірінші орын иегерлері айдың соңында Алматы облысы Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғайтын болады.
Бұл дода – жас ақындардың талабын ұштап, суырыпсалмалық өнерін дамытып, ұлттық сөз өнеріне қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Облыстық кезеңде топ жарған оқушылардың республикалық аламанда да жарқын өнер көрсетіп, Қарағандының абыройын асқақтататынына сенім мол.
Ералы ҒАНИ,
«QH»