Жас спортшының жарқын жеңісі
Қарағанды қаласының жас спортшысы, 18 жастағы теннисші Әмір Омарханов Испанияның Манакор қаласында өткен ITF M15 санатындағы халықаралық турнирде жұптық сында жеңіске жетті. Жас спортшы бұл жарыста жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, халықаралық аренада Қазақстан намысын абыроймен қорғады.
Финалдық кездесуде Әмір Омарханов америкалық теннисші Гэвин Янгпен жұп құрап, кортқа шықты. Шешуші матчта Қазақстан-АҚШ дуэті аустралиялық Тай Хост пен ресейлік Егор Плешивцевтен құралған қарсыластарын тартысты ойын нәтижесінде 5:7, 6:3, 10:8 есебімен жеңіп, турнирдің чемпиондық атағын иеленді.
Айта кету керек, жарысқа үшінші нөмірмен тіркелген Әмір Омарханов пен Гэвин Янг турнир басталмай жатып-ақ негізгі фавориттердің бірі ретінде танылған болатын. Олар бұл сенімді толық ақтап, турнир барысында бірнеше мықты жұптарды жарыс жолынан шығарды.
Атап айтқанда, алғашқы кезеңдерде олар Испания өкілдері Уго Гарсия Гомес пен Карлес Рохасты 6:1, 6:4 есебімен жеңсе, келесі кездесуде жапониялық Мотохару Абэ мен мексикалық Андрес Флорес Авила дуэтін 5:7, 6:2, 10:7 нәтижесімен ұтты. Сондай-ақ жартылай финалда Ұлыбритания атынан сынға түскен Джо Лизер мен Маркус Уолтерс жұбынан 6:2, 6:3 есебімен басым түсті.
Бұл жеңіс – Әмір Омархановтың спорттық мансабындағы маңызды жетістіктерінің бірі. Жас теннисшінің халықаралық турнирлердегі табысты өнер көрсетуі оның алдағы уақытта да жоғары деңгейдегі жарыстарда жарқын нәтижелерге қол жеткізуіне зор мүмкіндік бар екенін айқын көрсетті.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

