Жас шайырлардың жыр кеші

Тұғыры биік тәуелсіздіктің ақ таңында, қара өлеңнің сөлінен нәр алған жас қарамгерлердің жыр додасы өтті. Байқауға қаламы енді ұшталып келе жатқан жиырмаға тарта жас шайыр қатысты. Олардың арасында тырнақалды туындыларымен үміт сыйлап, қошеметке бөленгендері де бар. Шалқар шабыт пен шынайы поэзияға ерік берілген жыр кешін ұйымдастыруға Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді дамыту орталығы ұйытқы болғанын да атап өткен жөн.

Студент жастар арасында ұйымдастырылған «Еркіндігім-ең қымбаттым, киелім!» жыр мүшәйрасына қаламыздағы оқу орындарынан жастардың қырыққа жуық шығармасы бүркеншек есіммен түскен екен. Арнайы құрылған қазылар алқасы өлеңнің құрлысына қарап, ақындық өлеңнің талаптарын ескере отырып ең үздік деген  8 ақынның өлеңі жүлдеге лайық деп таныды. Атап айтар болса,  Нұрдәулет Марат бас жүлдені иеленіп, 50 мың теңгелік сертификат пен Алғыс хат иесі атанды. Ал, жүлделі екінші орын Дамила Досмаховаға, үшінші орын Тілеужан Қамысбай, Бектас Жұман,  Ділнәз Дәріғұл есімді жастарға берілді. Бұл жүлдегерлерге де Алғыс хат пен қаржылай сыйақы табысталды. Бұдан бөлек, Мирас Құрақбай, Сайрангүл Серхан, Қырмызы Алламбергенова есімді жастар мүшәйраның арнайы жүлдесінің иегері атанды. Мирас Құрақбайдың «Өзім жайлы»  өлеңі кеш қонақтарының көңілінен шығып, ыстық‑ықыласқа бөленгенді.

— Жыр мүшәйрасын ұйымдастырыудағы негізгі мақсат жас буынның шығармашылығына қолдау көрсетіп, жазба ақындық өнерді дамыту. Ана тіліміздің мәртебесін көтеріп ұлттық руханиятты жастарымыздың бойына сіңіру. Ұлттық руһымызды асқақтатуға бағытталған жұмыстардың барлығы дерлік тәу етер тәуелсіздігіміздің айғағы, — дейді Қарағанды қаласының “Шырақ” тілдерді дамыту орталығының директоры Тұяқбаев Саят Қабдырашұлы.

Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта деп бекер айтылмаса керек. Шығармашылық адамға беріледі, оны уақыт өте келе үйреніп кетті деген бос әңгіме. Өлең адамға қанмен келіп, қанымен кететін киелі ұғым. Сондықтан ештеңемен  өлшенбейтін өлең деген үлкен құдыретті ұғынып, сезіне білу керек.

«Күнімді мұң, түнімді жыр ұрласын,

Өлеңімді аяқ асты қылмасын,

Мен өлеңді өмір бойы жырлаймын,

Басқа ақындар бақыт жайлы жырласын!» деген жас ақын Нұрдәулет Маратұлы әдебиет әлеміне қатар қадам басқан құрбыларына шығармашылық табыс тілеп, кеш ұйымдастырушыларына өз ризашылығын жеткізді. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»