Жас ұшқыш

Тимофей Муравьёв үшін 5 дюймдік дрондар мен кішкентай квадрокоптерлердің құлағында ойнайды және бұл ісінен ләззат алады. 11 жасында жас қарағандылық «Қазақстандағы №1 дрон ұшқышы» атағына ие болды.

— Мені кішкентай кезімнен аспан әлемі қызықтырады. Көкке қарасам бір тылсым дүние жанымды тербейтіндей. Зерттелмеген дүние көп сияқты көрінеді, -дейді дрон басқарушы Тимофей Муравьёв.

Дрон-жарысының ережесі келесідей: жарысқа қатысушылар FPV көзілдірігін киеді, оған аппаратура арқылы басқарылатын дрон камерасынан нақты уақыт режимінде бейне ағыны таратылады. Жарыс дрондары сағатына 0-ден 100 км-ге дейін 2 секундта жылдамдата алады. Ұшқыштың міндеті берілген бағытты мүмкіндігінше тез ұшып қиын бұрылыстарды, сақиналарды қамтитын кедергілер жолағынан өту. Тимофей бұл іске әбден машықтанған. Қызыққандар үшін айтары, ең бастысы физика заңдылықтарын білу және түсіну керек. Ынтасы болған адамға ештеңе қиын емес.

— Дронды басқарғанда асқан қырағылық пен сақтық керек. Үлкен ұшақтарды басқарудан ешқандай айырмашылығы жоқ. Әсіресе бұрылыстарда абайлау керек. Мен өзім қытайлық бұрылыстарды жақсы көремін. Үлкен адреналин сезінемін, -дейді ол.

Тимофейдің осы спорт түріне деген құштарлығын әкесі оятқан. 9 жыл бұрын Сергей Муравьёв аэротүсіріліммен айналыса бастады. Ол одан ақша тапқысы келмейтінін, іштей Қарағандыны бүкіл әлемге көрсеткісі келетінін түсінген. Бәрі осылайша басталды. Әке көрген оқ жонар дегендей, алты жасар ұлы да әкесінің әлегіне қызыға бастады. Сергей ұлының қабілеттерін дер кезінде дамыту керек екенін түсінген. Жасына қарамастан, Тимофей тек отандық спортшылармен ғана емес, ересектермен де тең дәрежеде өнер көрсетеді. 2023 жылы қарағандылық Орал қаласында өткен Aspan Fest 2023 турнирін жеңіп алды және еліміздегі бұл істің нөмірі 1 маманына айналды.

— Мен өзімді осы саланың мықты маманы болып шығарымды елестетемін. Оған лайық болу керек. Қазір тек дайындық үстіндемін. Бәрі әзірге сәтті болып жатыр, -деп бөлісті Тимофей Муравьёв.

Биылғы Алматыдағы жеңісінің арқасында қарағандылықтың халықаралық MultiGP Championship-ке қатысуға мүмкіндігі туды. Бұл әлемдегі 30 мыңнан астам кәсіпқойларды қамтитын ең үлкен ұшқыштар қауымдастығы. Жарыс осы күзде Флоридада (АҚШ) өтеді. Сонымен қатар, ұшқыш Түркиядағы world Drone Cub 2024 халықаралық технофестіне қатысуға ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша 500-ден астам өтінім берілген. Нәтижесінде 32 мемлекеттен бір ұшқыш таңдалды. Біз Тимофейге сәттілік тілейміз және жерлесіміз әлемдік аренада Қазақстан мен оның ішінде кеншілер астанасын лайықты түрде таныстырады деп сенеміз.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»