Жас сақшылар заң мен тәртіпті нығайтуға үлес қосуда

Қарағандыда полиция қызметкерлерінің жас көмекшілері қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға белсене кірісті. Олар жанұялық жанжал жиі болатын отбасыларға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, дүкен сөрелеріндегі алкоголь өнімдерінің жасөспірімдерге сатылуын бақылап, рейд өткізді. Патруль кезінде жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге де ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын атқарды.

Жас тәртіп сақшыларының бұл белсенділігі қаламызда алғаш рет өткен ауқымды гарнизондық сап түзеуде қорытындыланды. Бұл сапта тәртіп сақшыларымен бірге студенттер мен мектеп оқушылары да тұрды. Бүгінде облыста екі мыңнан астам қоғамдық көмекші бар. Жыл басынан бері олар 500-ге жуық құқықбұзушылықты анықтап, тіпті 12 қылмыстың бетін ашуға көмектескен. Заң мен тәртіптің сақталуына ерекше үлес қосқан жеткіншектерге арнайы марапат табысталды.

Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров еріктілердің жұмысына жоғары баға берді.

-Қатысушылар бірнеше топқа бөлінеді. Бірі нашақорлықтың алдын алу мақсатында көшедегі есірткі жарнамаларын өшіреді. Бұған дейін 4000-нан астам есірткі жарнамасы жойылды. Қалған топ тұрғындарға алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндіріп, арнайы буклеттер таратады. Осы уақытқа дейін 300-ден астам жас көмекші атқарған жұмыстары үшін қаржылай және басқа да бағалы сыйлыққа ие болды, – деді ол.

Еріктілердің айтуынша, қоғамды алаңдататын басты мәселе – нашақорлық, алаяқтық және отбасындағы зорлық-зомбылық. Сол себепті бір топ көше бойындағы есірткі жарнамаларын өшірсе, енді бірі тұрғындарға алаяқтың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді. Ал тағы бір топ тұрмыстық жанжал үшін есепте тұрғандарды назардан тыс қалдырмады. Мектептің жас жол инспекторлары да патрульдік топқа қосылып, тәртіп сақшыларына қолдау көрсетті.

-Біздің мақсатымыз – жастарды құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамға пайдалы істерге тарту. Бірлесе жұмыс істеп, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлес қосып жатырмыз, – деді Қарағанды қаласы ПБ бастығының орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов.

Ал үш жылдан бері «Жас сақшы» сыныбында тәлім алып жүрген Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Әлиасқар Қари бұл қызметтің тәрбиелік мәні зор екенін айтады.

«Бізді батыр Бауыржан Момышұлының еңбектері арқылы тәрбиелейді. Шығармаларын оқи отырып, өмірде кім болу керек, қандай жолмен жүру керек екенін түсінеміз. Мысалы, “Ұшқан ұя” шығармасында адалдық, тәртіп пен отансүйгіштік туралы көп айтады. Біз сол өнегені бойымызға сіңіріп, болашақта елге, жерге адал қызмет ететін азамат болуға тырысамыз», – дейді Әлиасқар Қари.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жастардың белсенді қатысуы олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып қана қоймай, қоғамда құқық бұзушылықтың алдын алуға да ықпал етеді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»