«ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ
25 наурызда Қарағанды облысында «Zhas Project» шағын гранттар байқауына өтінім қабылдау басталады. Биыл өңірдегі әлеуметтік жобаларды қолдауға 14 грант бөлініп отыр. «Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы осал топтарды, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Жоба жастарды қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға сеп болады. «Zhas Project» елшілері – Жастар ресурстық орталығы. Қатысушылар онда тегін кеңес алады. Бұл жобаның ерекшелігі – грант алушылар өмірлік маңызды дағдылар мен жұмысқа орналасу дағдыларын оқиды, жобаларды табысты іске асыру үшін тәлімгерлік және консультациялық қолдау алады. Осылайша жеке кәсіп ашуға алғашқы тәжірибе жинайды. Жобаның операторы екінші жыл қатарынан «Қазақстанның экологиялық қоры» қоғамдық қоры болып отыр.
– «Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы NEET санатындағы 18-35 жастағы жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Жоба жастарды қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне және нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуға ықпал етеді. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тапсырысымен іске асырылуда, – дейді «Қазақстанның экологиялық қоры» ҚҚ президенті Айгүл Абдуалиева.
Веб-порталда конкурсқа өтінім беру үшін жеке куәлік көшірмесін, электронды үкімет порталындағы жеке кабинеттен облыс аумағында тіркелгенін, қатысушының мәртебесін растайтын құжаттарды тіркеу қажет. Бір ерекшелігі – грант қаражаты грант алушылардың шотына түспейді. Жобалық кеңселер қатысушылардың келісімімен гранттық өтінімнің сметасында көрсетілген тауарлар мен қызметтердің ақысын өздері төлейді. Бұл – қатысушылар жобаларын жүзеге асыруға көбірек қатысуы және қаржылық құжаттарды ресімдеуде қиындықтарға тап болмауы үшін жасалады. Жобаға қатысқаннан кейін сатылып алынған барлық жабдық пен тауар қатысушыларда қалады.
– 2023 жылы 23 өтінім берілді, 14-і расталды. Бүгінгі таңда квота жастардың белсенділігі және жұмыспен қамтылу деңгейі арқылы анықталатынын атап өту қажет. Негізгі жоба NEET жастар санатына бағытталған, сондықтан осы жобаларға бүгінде 2 облыс (Қарағанды мен Қостанай) қатысуда, – деді Қарағанды облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Аида Ысқақова.
Конкурсты қорытындылау биылғы қараша айына жоспарланған. Форумға соңғы екі жылдағы үздік жоба авторлары қатысады. «Zhas Project» 2022 жылы Алматы, Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау өңірлерінде пилоттық режимде іске асырылды. Сол жылы жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдауға 250-ден астам шағын грант бөлінді. Әрбір шағын гранттың сомасы 1 миллион теңгеге дейінгі соманы құрады. Өткен жылдан бастап ол еліміздің барлық 20 облысында қамтылды.