Жас кенші

Батылдықты, күш пен кәсібилікті қажет ететін жұмыс. Шахтинск қаласының тұрғыны Ілияс Сайфутяров әке жолымен абыройлы қызмет атқаруда. Қара алтын өндірісі, тау кен жұмысы жайындағы отбасындағы күнделікті әңгіме осы салаға деген қызығушылығын оятқан. Жас кеншілерді кәсіби ортада даярлау жұмыстары қандай?

Шахтинск қаласының тұрғыны Ілияс Сайфутяровтың жерасты жұмысына нақ кіріскеніне бес жылдың жүзі болған. Әкемнің айтуымен, тәлімімен шахтер болуды жөн көрдім, дейді ол. Бүкіл отбасы өмірі тау-кен кәсіпорны жұмысымен тығыз байланысты. Осы таңдаумен Ілияс Қарағанды ​​политехникалық колледжінде оқып, тау-кен электромеханигі біліктілігін меңгерген.

– Жұмысқа тұрған алғашқы кезде әрине оңай болмады. Өйткені, теориялық білім өз алдына, ал тәжірибеде өзгеше болады. Бірақ учаскеде кәсіби білікті мамандар болды. Олар осы жұмыс ыңғайына түсіп, меңгеріп кетуіме көмегін тигізді. Колледжде қондырғы болсын, оны жалпылай айтады. Ол құрылғыны қалай жөндеуге болатынын біле қоймадым. Ал учаскеде барлығын қолмен ұстап, көріп білікті мамандар көмегімен үйрендім, – дейді «Қазақстан» шахтасының теміржол көлігі учаскесінің механигі Ильяс Сайфутяров.

Бүгінде Ильияс Сайфутяров шахтада жұмыс істеп жүріп, Қарағанды ​​техникалық университетінде теориялық білімін жетілдіруде. Бұл студенттік орта көп нәрсеге жаңаша қарауға мүмкіндік береді, дейді ол. Теориялық негіздер біліктілікті арттыруға және барлығын жұмыс барысында тәжірибемен салыстыруға мүмкіндік береді. Жұмыстағы әріптестері мен кенші отбасындағы ата-анасы да реті келсе кеңестерін айтып, жол нұсқауда.

– Әкем шахтер, анам болса газ қорғанысы операторы болып еңбек етті. Атам да кенші болып жұмыс атқарды. Мен сол кенші әулетінде өстім. Ата-анам үйде жұмыс барысын талқылайтын. Ортақ әңгімелері тау кен саласы болды. Сол айтылғанның барлығын бойыма сіңіріп, естіп, біліп өстім, – деді Ильяс Сайфутяров.

Кенші әулетінің жалпы жұмыс тәжірибесі ондаған жылмен жалғасуда. Біздің көмірлі шаһарымызда тау-кен ісіне машықтанған отбасылар да, өндіріс ошақтары да аз емес. Бір ғана «Qarmet» АҚ-ның өзінде қазір сегіз кеніш, Шығыс тау-кен байыту комбинаты, Қарағанды ​​тиеу-көлік басқармасы, Технологиялық көлік басқармасы және газсыздандыру арнайы кеніш монтаж басқармасы бар. Қажырлы еңбек пен төзімді қажет етер кәсіпорындарда ерлермен қатар, әйелдер де жұмыс істейді. Ең бастысы, қажетті біліктілік болуы керек, дейді кейіпкеріміз. Өйткені қара алтын өндіру ісі жалғасып жатыр және бұл іскерлік одан әрі ұлғая түседі. Qarmet кәсіпорындары 2028 жылға қарай көмір өндіру ауқымын 9 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ, «QH»