Жас футболшылар жарысы

Қарағанды қаласында жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған шағын футболдан дәстүрлі турнир өз мәресіне жетті. Биыл бұл дода республикалық деңгейге көтеріліп, еліміздің түкпір-түкпірінен 2012-2013 жылы туған жас спортшылардан құралған 24 команда қатысты.

Аталған жарыс Балапан Әбенов атындағы турнир ретінде өткізіліп келеді. 2018 жылдан бері облыстық деңгейде ұйымдастырылып келген бұл дода биыл тұңғыш рет республика көлемінде өтті. Турнирдің басты мақсаты – спортқа қызығушылығы бар балаларды қолдау, жас таланттарды анықтау және ұлт болашағы саналатын жастарды салауатты өмір салтына баулу.

Турнирдің жабылу салтанатында құрметті меймандар – Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова және өңірдің спорт саласына еңбегі сіңген азаматтар қатысып, жас спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді.

Рымбала Кенжебалақызы өз сөзінде Балапан Зипатоллаұлының ел үшін еткен еңбегін атап өтіп:

– Бұл турнир бұған дейін облыстық деңгейде ұйымдастырылып келсе, биыл республика көлеміне көтерілді. Бұл ел үшін туған азаматтың есімін ұлықтаудың айғағы. Осындай бастамалар жастарға үлгі болып, олардың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырады, – деді.

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Командалар екі топқа бөлініп, әрқайсысы өз тобы аясында үш кездесуден өткізді. Топтық кезеңнен үздік шыққан ұжымдар 1/16 финалға жолдама алып, жарыс қыза түсті. Әр айналым сайын ойын қарқыны артып, командалар өз шеберліктерін паш етті.

Қорытынды есеп бойынша елордалық «Спарта» командасы турнир чемпионы атанды. Екінші орынға «Жаңаарқа 2012» командасы ие болса, үшінші орынды «Жастар Қыран» командасы (Қарағанды) қанжығасына байлады.

Бұл турнир тек жарыс қана емес, болашақ футбол жұлдыздарының алғашқы баспалдағына айналды. Мұнда әр ойыншы өз мүмкіндігін байқап, тәжірибе жинады. Осындай додалар жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, ел спортының дамуына серпін береді.

Футболсүйер қауымның басын қосқан бұл турнир Қарағанды өңірінде спорт мәдениетінің нығайып келе жатқанын көрсетті. Жас ұрпақтың спорт арқылы шыңдалып, үлкен мақсаттарға ұмтылуы – ел болашағына деген сенімді күшейтеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»