Жас ғалымдардың алғашқы қадамы
Қарағанды қаласында 9—11-сынып оқушылары арасындағы республикалық ғылыми жобалар байқауының қорытынды кезеңі ұйымдастырылды. Бұл кездесуде оқушылар гуманитарлық бағыттағы ғылыми жобаларды қорғау арқылы кәсіби және шығармашылық жолдың қалай басталатынын білді.
Байқау еліміздегі зияткерлік сайыстардың ең маңыздысы және республикалық мектеп олимпиадасымен қатар өткізіледі. Оны жыл сайын ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады. Биыл облыс орталығына еліміздің барлық өңірлерінен 366 оқушы жиналып, 300-ге жуық жобаны ұсынды. Қатысушылар этномәдениеттану, филология, тіл білімі, Қазақстан тарихы, құқықтану және басқа да гуманитарлық пәндер бойынша өз жұмыстарын қорғады.
Байқау қорытындысында қатысушыларды «Дарын» РҒПО директорының орынбасары Айгүл Қарақұлова құттықтады:
– Жеңімпаздарға айтарым, бұл – мәреге жеткен сәт емес, ғылыми жолдарыңыздың бастауы ғана. Бүгін медаль алмағандар үшін бұл келесі жолы мықтырақ өнер көрсетуге ынталандыратын серпін болуы тиіс. Ал бүгін сахнаға көтерілмегендер келесі жылы міндетті түрде осы жерде кездесуі керек. Сіздердің қолдарыңыздан бәрі келеді деп сенемін, – деді Айгүл Қарақұлова.
Қорғау нәтижесінде қатысушылардың 45 пайызы I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Жалпы 168 оқушыға жүлде табысталды, оның ішінде 30-ы алтын медаль иегері атанды.
Қарағанды қаласындағы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Айғаным Демесінова «Қазақ тілі мен математика арасындағы байланыс: Фибоначчи сандары» тақырыбындағы жобасымен қола медаль жеңіп алды.
– Бұл тақырып маған жақын. Болашақта гуманитарлық бағытты таңдауды жоспарлап отырмын. Бұл – республикалық байқаудағы алғашқы медалім. Жобамды жетілдіріп, келесі жылы алтын алуға тырысамын, – деді Айғаным.
Екібастұз қаласындағы №1 мамандандырылған мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Регина Королёва алтын медаль жеңіп алды. Ол «Хабарлама авторының коммуникативтік ниеттерін білдіру тәсілі ретінде комментарийлер» тақырыбындағы орыс тілі бойынша жұмысын ұсынды. Жобамен бір жарым жыл бойы айналысқан.
– Мен Instagram әлеуметтік желісіндегі комментарийлерді талдап, пайдаланушылардың оларды қандай ниетпен қалдыратынын анықтадым. Бұл тақырып өзекті, себебі көпшілік уақытын әлеуметтік желілерде өткізеді, әркімнің өз мақсаты бар. Бұл жоба болашақта маған қажет болады деп сенемін. Мүмкін, журналистика саласымен өмірімді байланыстырармын, – деді Регина.
Байқау жеңімпаздары жоғары оқу орындарына конкурссыз түсу құқығына ие болады, сондай-ақ халықаралық ғылыми жарыстарға басымдықпен қатыса алады. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша келесі кезең 24-27 ақпан аралығында Астанада өтеді. Оған 623 оқушы 463 жобамен қатысады. Үздік жұмыстар 2026 жылғы мамыр айында АҚШ-тың Аризона штаты, Финикс қаласында өтетін Regeneron ISEF 2026 халықаралық көрмесіне ұсынылады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


