Жарты жылда 200 мыңнан астам турист келген
Қарағанды облысында туризм саласы серпінді дамып келеді. Биылғы жылдың алты айында аймаққа 200 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 19 млрд теңгеге жетіп, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 23 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарда.
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Туристік инфрақұрылым кеңейіп келеді
Әкімнің айтуынша, туризм өңірдің қызмет көрсету саласындағы негізгі драйверлердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмалары аймақтағы туристік инфрақұрылымды жаңғырту мен дамытуға тың серпін берген.
Бұқар жырау және Балқаш бағыттарында жаңа туристік нысандар салынып жатыр. Балқаш қаласында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен инвесторларға шипажай және қонақүй салуға арналған екі жер телімі берілген. Сонымен бірге қалада туристік индустриялық аймақ құру жұмыстары басталды. Бүгінде оның тұжырымдамасы әзірленіп, инфрақұрылымы – жол, электр, су желілері – дайындалып жатыр.
Балқашқа жол ашылды, әуежай жаңарады
Қарағанды – Балқаш автожолының реконструкциясының аяқталуы өңірдің туристік әлеуетін күшейтті. Жаңартылған жол Балқашқа қолжетімділікті арттырып, инвесторлар үшін тартымды жағдай қалыптастырды.
Жақын уақытта Балқаш әуежайының жаңғырту жұмыстары да аяқталмақ. Жаңарған нысанның өткізу қабілеті сағатына 80 жолаушыға дейін өсіп, әуе қатынасының географиясы кеңейеді.
Қарқаралыда ірі туристік кешен салынуда
Туризмнің тағы бір маңызды бағыты – Қарқаралы. Бұл өңірде 75 гектар аумақта заманауи «Бұғылы» демалыс аймағының құрылысы жүріп жатыр. Қазір инженерлік желілер тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылған соң Қарқаралының туристік әлеуетін айтарлықтай арттыруы күтіледі.
Жаңа туристік орталық жұмысын бастады
Қарағанды қаласында VISIT QARAGANDA туристік ақпарат орталығы ашылды. Орталық өңірді ішкі және халықаралық нарықта таныстырумен айналысады, туристерге қажетті ақпарат ұсынып, жаңа бағыттарды ілгерілетеді.
Туристер саны – 29 пайызға артқан
– Биыл туризм саласына салынған инвестициялар көлемі 19 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9 пайызға артты. Қонақүй және демалыс орындарының саны 13,1 пайызға көбейіп, 277 нысанға жетті. Ал туристер легі 29,2 пайызға өсті – жарты жылда облысқа 200 мыңнан астам адам келді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»

