Жанболаттың жарқын бейнесі – жүректерде
Өмірден ерте озса да, артында өшпес із қалдырып, елдің жүрегінде мәңгі сақталған жандар болады. Солардың бірі – Тілеубек Жанболат Ертайұлы. Оның рухына тағзым етіп, ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен футзалдан еске алу турнирі ұйымдастырылды.
Жанболаттың өмір жолына үңілсек, ол 1993 жылы 30 желтоқсанда дүниеге келген. Бала күнінен өнер мен білімге құштар болып, спортқа жақын өсті. Джиу-джитсу мен самбо спорт түрлерінен республикалық және халықаралық додаларда топ жарып, ел мерейін асқақтатты.
Студенттік шағында да белсенділігімен ерекшеленіп, түрлі мәдени шарада көзге түсті. Ән айтып, асабалық қырымен де танылды. Қарағанды Бөкетов университетінде білім алып жүргенінде ғылыми жобалар жазып, республикалық және халықаралық конференцияларға қатысып, білім мен ғылымға да ден қойды.
Жарысқа барлығы сегіз команда қатысып, тартысты ойын өрбіді. Қатысушылардың шеберлігі мен ұйымшылдығы көпшілікті тәнті етті. Нәтижесінде, бірінші орынды Әмір командасы жеңіп алса, екінші орынды Жастар, үшінші орынды Абай командасы иеленді.
Турнирден кейін Әмір командасының жартылай қорғаушысы Алдияр Сейітқазимов өз ойымен бөлісті:
– Бүгінгі турнирдің маңызы ерекше. Жанболат ағамыз спортты жан-тәнімен жақсы көріп, әрдайым жастарды қолдаған еді. Осындай еске алу турниріне қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жеңісімізді сол кісінің рухына арнаймыз, – деді жас спортшы.
Бұл турнир – Жанболаттың рухына деген құрмет қана емес, жастардың достығы мен татулығын, бірлігін нығайтқан игі бас қосу болды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»