Жамағатқа ақпарат берілді

Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздықты жою. Қаламызда бұл бағытта ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі – ақпараттық-түсіндіру шарасы. Осы мақсатта өткен жұма күні әл-Машани мешіті аумағында қалалық Жұмыспен қамту орталығы мамандары жамағатқа бос жұмыс орындары мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат таратты.

Түсінген жанға мешіт, тек, құдайға құлшылық қылатын орын ғана емес, халықтың барлық өкілі жиналатын, үлкен аудитория. Мұнда ірі кәсіпкерлер де, жұмыссыз жүрген азаматтар да бас қосады. Әсіресе, жұма намазына жиналатын жұрттың қарасы қалың. Осы аудиторияны тиімді пайдалану мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қолға алынған болатын. Айтарлықтай оң нәтижесі де бар.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында жамағатқа 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында тұрақты және уақытша жұмысқа орналасу жолдары, «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары туралы толыққанды ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ, мемлекеттік гранттарға қатысып, кәсіп ашу бойынша кеңестер берілді.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»