Жалпыға бірдей декларация
Кәсіпкерлерге қарызды өтеу туралы хабарламалар ұялы байланыс операторлары арқылы жіберілген. Салық органы мамандары қарызды өтеу керектігін ескертуде. Маңызды тағы бір жайт, тұрғындардың белгілі бір санаты 15 қыркүйекке дейін мүлкі мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсыруы тиіс. Биыл жалпыға бірдей декларацияның 3 кезеңі жүзеге асырылуда.
Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілуде. Декларацияны бірінші болып мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар тапсырды. Одан кейін декларация тапсырушылар қатарына мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері де қосылды. Ағымдағы жылы осынау міндеттемені орындауға заңды мекемелердің басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары да жауапты болды.
– Салық төлеушілер декларацияны тапсырарда өздерінің ҚР аумағындағы және біздің ел аумағынан тысқары жердегі мүлкін ескерулері қажет. Егер де мүлкі ҚР аумағында болса, онда ол мүлікті көрсетудің қажеті жоқ. Яки біз еліміздің аумағындағы жер, көлік, мүлік бізге мәлім. Бірақ, ақшалай қаражатыңыз болса, 10 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 34 миллион теңге қаражатыңыз бар болса, ол сома декларацияда көрсетілуі керек. Қаржы барын күйеуі де, оның жұбайы да көрсетулері тиіс, – дейді Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығының басшысы Зәуреш Жойқымбекова.
Декларацияны E-salyk azamat мобильді қосымшасы, салық төлеушінің кабинеті немесе электронды үкімет порталы арқылы тапсыруға болады. 250 формасындағы кіріс декларациясын тапсырған әрбір адам, келесі жылы 270 нысандағы декларацияны тапсыруы керек, деп түсіндірді фискалдық қызметкерлер. Және декларацияны әр жыл сайын 15 қыркүйекке дейін тапсыру сұралады.
– Егер де сізде жалақыдан бөлек декларацияланбаған кірістер болса, сіз жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесеңіз немесе қандай да бір кәсіпорынның қызметкері болмасаңыз онда сол сомманы да декларацияда көрсету қажет. Сонымен қоса, декларацияда бағалы мүлікті көрсету керек. Ол зергерлік бұйымдар, құны қымбат жануарлары болса, – деп түсіндірді маман.
Жалпыға бірдей декларацияның бірінші және екінші кезеңіне қатысушы тұрғындар саны биыл облыс бойынша 157 мыңға тарта. Айта кетері, олар үшін 270 нысан бойынша декларация өткізу тәртібі оңтайландырылды. Бұл дегеніміз декларацияда жалақы, депозиттер бойынша сыйақылар, зейнетақы төлемдері және тағы да басқа қаржылық операцияны көрсетудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, фискалдық шенеуніктер декларацияны бірінші рет уақытылы тапсырмағаны үшін әуелде ескерту жасалып, кейін 15 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын да ескертуде.
ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»