Жабайы табиғат
Қарағанды тұрғындарына Қазақстанның жабайы табиғат әлемімен жақын танысуға мүмкіндік беретін ерекше шара ұйымдастырылды. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында ашылған «Қазақстанның жабайы табиғаты» фотокөрмесі келушілердің назарын аударуда.
Бұл фотокөрмеде ұсынылған туындылар еліміздің бай және сан қырлы табиғатын, ерекше флорасы мен фаунасын, соның ішінде сирек кездесетін жануарлар әлемін көрсетуге арналған. Көрме ғылымды насихаттап, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті қорғаудың маңыздылығына жұртшылық назарын аударуды мақсат етеді. Фотокөрмеде 30-дан астам туынды қойылған, әрбір сурет жануарлар әлемінің ерекше қырын ашып, көрерменге олардың болмысы мен табиғаттағы рөлін көрсетеді. Бұл фотожобалар әр жануардың әдемі бейнесін сақтап қалу үшін жоғары сапалы портретті техникамен түсірілген. Сонда да әрбір суретте жануарлар өзіне тән өзгеше келбетімен ерекшеленеді.
– Жабайы табиғаттағы жануарларды түсіру тәсілі жайлы өз тәжірибем бар. Жануарлар фотосуреттерде қара немесе ақ фонда түсіріледі, бұл олардың болмысы мен жаратылысын ерекше көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл фотосуреттер тек көрініс емес, сондай-ақ ағартушылық мақсатта түсірілген. Жабайы табиғаттағы жануарларды қорғау керектігін көпшілікке жеткізу үшін жасалған, – дейді фотограф Дмитрий Ругис.
Фотокөрмеде түрлі жануар мен құстардың ерекше суреттері қойылған, олардың әрбір деталі жабайы табиғаттың қайталанбас сұлулығын ашады.
– Бұл фотокөрме халық назарын еліміздегі жан-жануарларды қорғауға және биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған. Фотожобаның әр суреті көрерменге табиғаттың әртүрлілігі мен жабайы табиғаттағы сұлулықтың маңыздылығын жеткізеді, – деп қосты National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақов.
Көрмеге келушілер бұл жұмысты жоғары бағалап, Қазақстанның сирек кездесетін жануарлары мен құстарын суреттер арқылы танып-білудің қызықты екенін атап өтті. Жануарлардың фотосуретін түсіру оңай іс емес, себебі, әр кадр аң-құстың ерекше болмысын ашу үшін дәл таңдалуы қажет. Қарағанды фотоклубының жетекшісі бұл фотосуреттердің артында үлкен техникалық еңбек жатқанын атап өтті. Фотографтар бұл туындыларды жасау үшін еліміздегі ұлттық парктерге, хайуанаттар бағында арнайы экспедициялар ұйымдастырып, жабайы жануарларды табиғи ортасында бейнелеген. Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстандағы аң-құстарды таныстырып, олардың табиғаттағы орнының маңыздылығын көрсету. Фотокөрме ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл суреттер арқылы тек Қазақстан ғана емес, жалпы әлем жабайы табиғаттың қаншалықты бай екенін танып біле алады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»