Жаңарған Сарыжайлау кинозалы
Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан «Сарыжайлау» кинозалы белгілі бір уақытқа жұмысын тоқтатқаннан кейін қайтадан көрерменді қабылдай бастады. Алғашқы көрсетілімдер 19 ақпанда басталды.
Кинотеатр уақытша жабылған кезде залда толық техникалық тексеру жүргізіліп, жабдықтар жаңартылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде фильмді тамашалау кезінде көрермендердің ыңғайлылығы айтарлықтай артты. Бұрын «Сарыжайлау» кинотеатры тәуелсіз мекеме ретінде қызмет атқарса, қазіргі таңда ол Кеншілер мәдениет сарайының құрамына кіріп, кинозал форматына көшті.
Жұмыс бағытында әлеуметтік мәні бар кинокөрсетілімдерді дамыту басты назарда болады. Репертуарда мемлекеттік тілдегі фильмдерге ерекше көңіл бөлініп, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға арналған, отандық кинематографияны қолдауға бағытталған туындыларға басымдық беріледі. Сондай-ақ, көрерменге тұрақты түрде премьерлік фильмдер, отбасы және балаларға арналған туындылар ұсынылады.
Сеанстарға билеттерді мекеменің кассасынан немесе электрондық сервис арқылы сатып алуға мүмкіндік берілді. Балаларға арналған билет құны 300 теңге, студенттерге – 500 теңге, ал ересектерге – 800 теңге болды.
Кинотеатрдағы бұл жаңғырту мен жаңа репертуар көрермендердің мәдени киноға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ қоғамда рухани және мәдени құндылықтарды насихаттауға қызмет етеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


