Жаңа жылу желісі салынады

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданында құрылыстың қарқынды болуы жылу тапшылығына әкеп отыр. Себебі бұрын салынған жылу жүйелері мен құбырлары мұншалықты көлемге арналмаған. Салдарынан жаңадан салынған нысандар мен көпқабатты үйлерді орталық жылуға қосу жайы үлкен проблемаға айналған еді. Мәселені шешу үшін қала билігі жаңа жылу жүйесін тарта бастаған.

Қарағандының Оңтүстік-Шығыс аумағы қазір қарқынды дамып келе жатыр. 2021 жылы облыста құрылыс қарқыны тәуелсіздік алған жылдар ішінде рекордтық көлемге жетіп, 660 мың шаршы метрден астам үй салынған. Басым көбі Оңтүстік-Шығыс ауданда. Алайда мұндай қарқынға ескі жылу тораптары шыдас бере алар емес. Сондықтан қазір жаңа жылу торабы салынып жатыр. Үшінші жылу желісін салу – қазір Қарағандыдағы ең ірі жобаның бірі. Себебі соңғы уақытта жылу тапшылығы салдарынан Оңтүстік-Шығыс аймағында жаңадан құрылыс салу қиындай бастаған. Енді жаңа жоба жүзеге асатын болса, жауапты мамандардың Оңтүстік-Шығыс сияқты жаңа бір ірі аймақты еш қиындықсыз салып шығуына мүмкіндік ашылады.

– Біз қазір жылу тапшылығының аз-ақ алдында тұрмыз. Бұл жұмыс дер кезінде жасалып жатыр деуге негіз бар. Құрылыс қарқынына сай жаңа кешендерге жылу жүргізу мәселесі енді туындамайтын болады. Оның үстіне, ескі жүйеде ақау не апат болса, осы жаңа жүйені пайдалануға болады, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС бас инженері Иван Выткин.

Жобаның жалпы құны 46 млрд теңге, ал қуаты жағынан сағатына 526 гигакалория жылу өткізеді. Осы бағытта №3 ЖЭО-дан сорғы станциясына дейін 22 шақырымға жуық құбыр жүргізіледі. Кейін бұл – жылу таратушы компания балансына өтеді. Бірақ бұған Қарағандыдағы №3 ЖЭО-ның қуаты жетпеуі мүмкін. Сондықтан онда да модернизациялық жұмыстар жүруі тиіс. Осылайша энергоорталық тағы бір турбинаны іске қосуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде өндіретін энергия көлемі жаңа сұранысқа сай болады.

– Қарағанды қаласында жылу энергиясының тапшылығы бар. Осыған байланысты 2027 жылға дейін 9 қазандық пен 7 турбоагрегат салу жоспары іске асады. Ол бізге қосымша тағы да электр қуатын 120 мегаватқа және жылу қуатын сағатына 180 гигакалорияға көбейтуге мүмкіндік береді, – деді «Қарағанды энергоорталық» компаниясы бас директорының орынбасары Мырзахан Ахметов.

Ал Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Қамалиев болса жобаның 22 шақырымына алдында 23 млрд теңге берілгенін айтады. Бұл сомаға тиісті жұмыстар орындалған. Енді қосымша қаражат бөлінеді деген жоспар бар. Бәрі ойдағыдай болса, құрылыс 1,5 жылда толық аяқталуы тиіс.

Мердігерлер болса қазір қажетті шикізаттарды жеткізуде қиындық жоқ екенін айтады. Көбіне көршілес елдер мен отандық өнім пайдаланылып жатыр. Жоба 2024 жылға дейін аяқталуы тиіс.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»