Жаңа жүйе – жаңа мүмкіндік

Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер футболының дамуы жаңа серпін алды. Спорт саласындағы маңызды оқиға – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) және Қазақстанның әуесқой футбол лигасының (ҚӘФЛ) Қарағанды филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Бұл құжат тараптардың серіктестік қарым-қатынасын ресми түрде бекітіп, жаңа жобаның – Freedom Balalar Futbol Ligasy (Freedom BFL) – ресми түрде іске қосылуына жол ашты. Енді лига өңірдегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы облыстық ресми біріншілік мәртебесіне ие болды.

Меморандумға қол қою салтанатында облыстық спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыру мен футболдың даму жолында бұл серіктестіктің маңызы зор екенін атап өтті.

– Біз бірлесе отырып балалар футболын және лиганы жаңа деңгейге көтереміз. Қазір облыста 150-ден астам әуесқой команда ойнайды. Freedom Holding Corp. қолдауымен жаңа футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр, заманауи алаңдар мен жобалар іске асуда. Бірлесе отырып өңіріміздің спорттық әлеуетін арттыратынымызға сенімдімін, – деді Серік Сәпиев.

Freedom BFL лигасының құрылуы – жас спортшылардың кәсіби деңгейге жету жолындағы маңызды қадам. Бұдан былай турнирлердің барлығы ресми түрде тіркеліп, нәтижелер облыстық спорт статистикасына енгізіледі. Бұл өз кезегінде жас футболшыларға спорттық разрядтар алу мүмкіндігін береді.

Жаңа маусымда лига аясында 128 команда, яғни 2000-нан астам жас футболшы бақ сынайды. Ойындар бір мезетте төрт спорттық алаңда – «Аманат», Amanat Arena, Nomad Arena және Саран қаласындағы алаңда өтеді.

Әр жас санатына арналған жеке жарыс форматы әзірленген. Демалыс күндері бір уақытта 64 матчқа дейін ұйымдастырылмақ. Бұл – өңір тарихындағы ең ауқымды балалар футбол лигасы болмақ.

Қазақстанның әуесқой футбол лигасының (ҚӘФЛ) Қарағанды филиалының төрағасы Мейрам Серіков жаңа жүйенің балалар мен бапкерлер үшін үлкен серпін беретінін атап өтті:

– Бұған дейін чемпионатты өзіміз ұйымдастырып келдік. Енді ол ресми жүйеге енді. Бұл ойыншылар үшін жаңа мүмкіндік пен даму баспалдағы, – деді ол.

Ал облыстық футбол қауымдастығының бас хатшысы Талғат Қаржаубаев жаңа лига бұрыннан өткізіліп келген чемпионатты біріктіріп, сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

– Біз жаңа турнир құрған жоқпыз, керісінше қолданыстағы чемпионатты федерация аясында біріктіріп, оның сапасын арттырдық. Ұйымдастыру деңгейі, төрелік ету жүйесі және инфрақұрылым жақсарып келеді. Енді балалар тұрақты әрі жақсы ұйымдастырылған турнирлерде ойнауға мүмкіндік алады, – деді ол.

Меморандумға қол қою рәсімі Серік Сәпиев, Максим Раков, Андрей Самохин және спорт ұйымдарының өкілдері қатысқан шоуматчпен қорытындыланды. Бұл кездесу өңір спортшыларының бірлігі мен ортақ мақсат жолындағы ынтымағын көрсетті.

Freedom BFL лигасының алғашқы маусымы осылайша Қарағанды футболының жаңа дәуірін бастап берді. Енді жас спортшылардың шеберлігін арттырып, еліміздің кәсіби футболына жол ашатын жаңа платформа қалыптасты.

Қарағанды облысы әрдайым мықты спортшыларды тәрбиелеп келген аймақ. Енді сол дәстүр балалар футболында да жалғасын табуда. Freedom BFL – жас буынның арманын жүзеге асыратын алаң ғана емес, өңір спортының болашағын айқындайтын үлкен қадам.

Ералы ҒАНИ,

«QH»