Жаңа тариф: жаңғырту мен өзгерістер

1 ақпаннан бастап Қарағандыда жылу тарифтері өзгерді. «Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС 2025 жылы «Инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасын іске асыру» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Бұл жиында кәсіпорын басшылығы жылу энергиясын жеткізу, тарату және жабдықтау қызметтеріне арналған жаңа тарифтердің енгізілуі, сондай-ақ қаладағы жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.

Баспасөз конференциясына «Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов, компанияның техникалық директоры, қаржы бөлімінің мамандары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. «Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап жаңа тарифтердің енгізілгені туралы хабарлады. Тарифтердің өзгеруі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің 2025 жылғы 27 қаңтардағы №12-ОД, №13-ОД және №14-ОД бұйрықтарына сәйкес бекітілген. Жылу энергиясын жеткізу және тарату тарифтері 2025 жылға арналған жылу энергиясын жеткізу және тарату қызметтерінің тарифі 4 947,34 теңге/Гкал болып бекітілді. Тарифтің өсу себептері: «Инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар, электр энергиясы мен жылу энергиясының нормативтік шығындарға арналған құнының өзгеруі, жылу жүйесіндегі қызмет көрсетілетін тұтынушылар санының артуы. Қарағанды тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін 2025 жылға арналған жылу энергиясын жабдықтау қызметтеріне келесі тарифтер бекітілді:

Жалпы тариф – 9 460,48 теңге/Гкал-сыз; 

Жеке тұлғалар (халық) үшін – 5 493,56 теңге/Гкал-сыз; 

Басқа тұтынушылар (бірінші және үшінші топтарға жатпайтындар) үшін – 16 141,64 теңге/Гкал-сыз; 

Бюджеттік ұйымдар (мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер) үшін – 33 643,89 теңге/Гкал-сыз. 

Бұл тарифтер жылу жүйесін жаңғыртуға қажетті инвестицияларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. «Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында қаланың жылу желілерін жаңарту жұмыстарын жалғастыруда. Жаңғырту жұмыстары келесі нысандарда жүргізіледі: Архитектурная көшесі, 13 мекенжайындағы араластырғыш тораптан шығатын жылу желілерін жаңарту, жалпы ұзындығы 493 метр, жоба құны 137,820 миллион теңге. ЦТП 28/1 сорғы станциясын және кварталішілік жылу желілерін жаңарту. 585 метр жылу трассасы ауыстырылады, жалпы бюджет 600 миллион теңге. Жаңғырту жұмыстарының негізгі мақсаты – жылу жүйесінің сенімділігін арттыру, қызмет көрсету сапасын жақсарту, апаттық жағдайлардың санын азайту, жылу желілеріндегі энергия шығындарын төмендету, тарифтің болашақта тұрақтануына ықпал ету.

– Қарағанды қаласындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 60%-дан асады. Егер жүйелі жаңарту жүргізбесек, болашақта апаттық жағдайлар жиілеп, тұрғындарға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан біз жыл сайын инвестициялық бағдарламамыз аясында жылу жүйесін жаңартып отырамыз. 2025 жылы 1 000 метрге жуық жылу құбырын ауыстыру жоспарлануда. Бұл желілердегі жылу шығындарын азайтып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді «Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов.

Сонымен қатар, кәсіпорын тариф саясатының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін тұтынушылар мен қоғам өкілдеріне барлық жаңғырту жұмысы мен тарифтік өзгерістер туралы тұрақты түрде ақпарат беретінін мәлімдеді.  1 ақпаннан бастап жылу тарифтері өзгерді, жаңғырту бағдарламасы аясында 1 000 метрге жуық жылу құбыры жаңартылады, жылу жүйесінің тозуын төмендету және апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылданады. «Қарағанды-Теплотранзит» ЖШС тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін барлық қажетті шара қабылдауды жалғастырады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»