Жаңа Салық кодексі: басты өзгерістер мен жаңашылдықтар

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Құжат салық жүйесіне елеулі өзгерістер енгізіп, салық төлеу ережелері мен әкімшілендіру тәсілдерін жаңғыртуды көздейді. Бұл туралы Қарағанды облыстық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменов мәлімдеді.

ҚҚС мөлшерлемесі өседі

Келесі жылдан бастап қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 16 пайызға дейін ұлғайтылады. ҚҚС тіркеу шегі – 10 000 айлық есептік көрсеткіш болады. Сонымен қатар, медициналық қызметтерге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі:

2026 жылы – 5%,

2027 жылдан бастап – 10%.

МӘМС және КТМК жүйесі аясындағы қызметтер, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату мен импорттау ҚҚС-тан босатылады.

 

Жылжымайтын мүлік пен құрылыс саласына жаңа талаптар

2026 жылдан бастап тұрғын үйді сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату алынып тасталады. Бұл өзгеріс әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған.

Ал ауылшаруашылығын қолдау мақсатында өтемге жатқызылатын ҚҚС үлесі 70%-дан 80%-ға дейін артады.

 

Жеке табыс салығына – прогрессивті шкала

Жаңа кодекс жеке табыс салығына қатысты прогрессивті шкаланы енгізеді:

— табысы 8 500 АЕК-ке дейінгі азаматтар 10% мөлшерлемемен;

— одан жоғары табыс иелері 15% мөлшерлемемен салық төлейді.

Бұл табысы төмен азаматтардың жүктемесін азайтып, салықтық әділеттілікті арттыруға бағытталған.

Жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариус, адвокат, сот орындаушы, медиатор) 9% мөлшерлеме бойынша салық төлейді.

Сондай-ақ оқу, емделу немесе ипотекаға кеткен шығындарға қатысты стандартты шегерім жүйесі енгізіледі, ал зейнетақы мен бір реттік төлемдер салықтан босатылады.

 

Мүліктік табысқа қатысты өзгеріс

Бұрын мүліктік табыс (үй, көлік сату кезіндегі құн өсімі) бір жылдық кезең бойынша есептелсе, енді есептеу мерзімі екі жылға ұзартылды. Мысалы азамат үйін бір жыл ішінде сатып, қымбат бағаға қайта сатса, пайдадан 10% жеке табыс салығы төленеді.

 

Кәсіпкерлерге жеңілдік және тексеру тәртібі

Жаңа кодекс кәсіпкерлер үшін де бірқатар жеңілдік шараларын қарастырады. Енді салық бойынша қарызды кейінге шегеру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі кеңейеді. Бұл ретте кәсіпкердің жұмыс өтілі, қызметкерлер саны және негізгі құралдарының болуы ескеріледі.

Мұндай жеңілдіктерді кепілсіз немесе банк кепілдігінсіз рәсімдеуге болады.

Сонымен қатар салықтық тексерулер кезінде талап қою мерзімі тексеру басталған сәттен тоқтатылады. Бұрынғыдай үш немесе бес жылдық мерзім енді қайта есептелмейді.

 

Салықтық әкімшілендірудің жаңа форматы

Келесі жылдан бастап салықтық тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс деп бөлінбейді. Тексеру негіздері жүйеленіп, қысқартылды. Бұл өзгеріс бизнесті қорғауға және салық жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»