Жаңа орталық іске кірісті
Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шаңырақ» тіл үйрету орталығы жұмысын бастады. Мұнда мемлекеттік тілді меңгергісі келген азаматтар тегін сабақтарға қатысып, білім алуларына болады. Сондай-ақ орталықта шет тілдерін оқыту да жоспарлануда. Ең маңыздысы – қазақ тілі жаңа әдістеме негізінде үйретіледі. Толығырақ тарқатсақ.
Шыны керек, дәл қазір мемлекеттік тілді меңгеру мәселесінің өзектілігі артып отыр. Тіл үйренгісі келетіндердің қатары қалың. Бірақ екінің бірі қазақша сөйлеп кете алмайды. Өйткені оның өзіне тән күрделі тұстары бар. Бастысы – дұрыс әдістеме қолдану. Жаңа орталықта дәріс беруді бастаған белгілі тіл маманы Ерлан Рахимов қазақ тілін үйретудің жаңа әдістемесін әзірлегенін айтады.
– Менің тіл үйрету курстарында дәріс оқып жүргеніме жеті жылдан асты. Әлеуметтік желідегі жеке парақшама шығып, қазақ тілін үйрету курсын ашуды сұрайтын азаматтар көп. Сондықтан қала әкімдігі тарапынан түскен ұсынысқа қуана келісіп, алғашқы сабағымызды бастадық. Байқасам, бұған дейін қазақ тілін үйрету курстары қазақша әдістеме бойынша жүргізілген екен. Мен өз дәрістерімде қатысушыларға қазақшаны шет тілі ретінде үйретемін. Ең басты назар олардың ауызекі тілде сөйлеу машығын қалыптастыруға бағытталады. Тек содан кейін барып грамматикаға көшеміз, – дейді Ерлан Рахимов.
Жаңа орталықтың ашылғанын тіл үйренуге ниет білдірген азаматтар қуана қабылдаған екен. Әсіресе бұған дейін ағылшын, түрік тілдерін үйрету бойынша ерекше әдістемесімен көзге түскен азамат дәріс беретінін естігінде, құлшыныстары екі есе артыпты.
– Мен бұған дейін бірнеше мәрте қазақ тілін үйренбек болып талпыныс жасағанмын. Алайда бәрі сәтсіз болды. Қазір қазақша айтылған сөздерді, ойларды түсінемін, бірақ өзім сөйлей алмаймын. Сондықтан осы орталыққа келдім. Өйткені Қазақстан азаматы болғандықтан, мемлекеттік тілді білу – парыз. Оның үстіне, шетелдерге шыққанда, ол жақтағы азаматтар Қазақстанға қызығып, қазақша сөйлеуімді сұрайды. Ал мен бар өмірім осы елде өтсе де, бір ауыз қазақша білмеймін. Бұл – ұят жағдай ғой. Сол үшін де мемлекеттік тілді үйренгім келеді, – дейді қала тұрғыны Наталия Уголкова.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Данияр Сағатбекұлының айтуынша, жаңа орталық коммуналдық мекеме ретінде құрылып, толықтай бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұған дейін мемлекеттік тілді үйрету мемлекеттік тапсырыс негізінде жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы жүргізіліп келген еді. Ол бойынша жылына тек 500-600 адам ғана тіл үйрену курстарынан өтетін. Ал орталық толық қуатта жұмысын бастаған шақта, жылына мың адамға дейін қолданбалы қазақ тілін меңгереді.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»