Жаңа өмірге жол ашқан курс
Бұл – сән салоны емес. Бұл – Қарағанды технология және сервис колледжінде шаштараз ісін меңгеріп жүрген әйелдердің оқу барысы. Олар жуырда қорытынды емтихандарын тапсырып, қысқа мерзімді курсты аяқтағаны туралы сертификат алады. Бұл курсты оқып жүргендердің көбі – көпбалалы аналар мен зейнет жасына таяған әйелдер. Олар «JUMYS TAP» әлеуметтік жобасы арқылы білім алуға мүмкіндік алған.
Жоба аясында курстан өткендердің бірі – 35 жастағы Жанар Әбдірахманова. Бес баланың анасы, қазіргі таңда бала күтімі демалысында. Ол әлеуметтік желіде курс туралы хабарландыруды көріп, бірден жазылған.
«Менің бес ұлым бар. Бұрын шаштаразға бір баланың шашын алдыру үш жарым мың теңге тұратын. Сонда төлеген ақшам далаға кеткендей күйде болатынмын. Сосын неге өзім үйреніп, балаларымның шашын өзім алмаймын деп шештім. Қазір, шүкір, бәрін меңгеріп алдым. Енді алған біліміммен жұмысқа да шыға аламын деп сеніммен айта аламын», – дейді Жанар.
«JUMYS TAP» жобасы Қарағанды мен Теміртау қалаларындағы колледждерде жүзеге асырылып жатыр. Мақсаты – өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға жаңа мүмкіндік беру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге жол ашу.
Қарағанды технология және сервис колледжі директорының кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Надежда Ляпунованың айтуынша, бұл жоба биылғы сәуір айынан бастап Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен іске қосылған. Жоба әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтарға қысқа мерзімді, тегін оқу курстары арқылы жаңа мамандық иесі атануға мүмкіндік береді.
Курсқа қатысушылар қатарында көпбалалы ата-аналар, қандастар мен қоныс аударушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер және басқа да ниет білдірушілер бар. Курстар қысқа мерзімді болғанымен, ең қажетті білім мен дағдыларға үйретеді.
Колледждің өндірістік оқыту шебері Раушан Жұмасаева бұл курстарға келетін тыңдаушылардың оқуға деген ынтасы ерекше екенін атап өтті:
«Мұндай тыңдаушылармен жұмыс істеу әлдеқайда қызықты. Себебі, олар бұл мамандықты саналы түрде таңдап, мақсат қойып келді. Ізденісі мен ынтасы бар. Сондықтан бізге олармен жұмыс істеу де, оқыту да жеңіл болады», – дейді ол.
«JUMYS TAP» жобасы аясында шаштараз мамандығынан бөлек, тігінші, флорист, электр дәнекерлеуші, сантехник, автокөлік жөндеу слесарі сынды басқа да мамандықтарды меңгеруге болады.
Курсқа жазылу үшін Қарағанды қаласындағы «Алтын Арба» немесе «Әнуар» сауда үйлеріне, ал Теміртау қаласында – «Одежда» сауда үйіне баруға болады. Байланыс нөмірі: +7 701 170 33 76.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»