Жаңа мұз айдыны салынады
Жоспар бойынша, мұз айдыны саябақтың жаяу жүргіншілер бөлігінде орналасады. Сондай-ақ, көлдегі жыл сайынғы мұз айдыны да сақталады. Мұз айдындарының жобаларын Қарағанды урбанистика орталығы мен саябақты жаңа жылға дайындау тұжырымдамасы әзірледі.
— Биыл орталық саябақтың қысқы тұжырымдамасынфа көп көңіл бөлінді. Біз бірқатар жаңа жобаларды, соның ішінде осы жылы салынады деп жоспарланған желілік мұз айдынын қолға алғымыз келеді. Жұмыстар жартылай басталды. Қазір жарықтандыру мәселесімен айналысудамыз. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары үшін қысқы уақытта саябақ есігі айқара ашық, — деді Әкімжанов.
Әкім орынбасарының айтуынша, қазір қала билігінің басты мақсаттарының бірі – қысқы уақытта саябаққа келушілердің санын арттыру. Ол үшін жазда біраз жұмыс жасалды. Мысалы, саябақ кәсіпкерлері үшін бірыңғай дизайн-код әзірленді, көптеген үй-жайлар қыс мезгіліне қарай жылытылды.
— Орталық саябақты дамыту жоспарындағы міндеттердің бірі – жыл бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Қазір саябақ маусымдық сипатқа ие – жазда келушілер саны өте көп, ал қыста, айтарлықтай аз. Сондықтан, біз саябақты он екі ай бойы келушілер үшін қызықты еткіміз келеді, — деді әкім орынбасары.
Айта кетейік, келесі жылы саябақта қосымша бес қоғамдық дәретхана орнату жоспарлануда. Олар жыл бойы жұмыс істейтін болады.