Жаңа мүмкіндіктің баспалдағы: қысқа мерзімді курстар еңбекке жол ашты
Қарағанды мен Теміртау қалаларында жұмыссыздықпен күрес және халықты еңбекпен қамту мақсатында қолға алынған «JUMYS TAP» жобасы өз мәресіне жетті. Қысқа мерзімді курстарға қатысқан 150-ге жуық азамат заман талабына сай сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, арнайы диплом иегері атанды.
Оқу үдерісі үш колледж базасында – техникалық-құрылыс колледжі, Технология және сервис колледжі, сондай-ақ көлік-технологиялық колледжінде ұйымдастырылды. Қатысушылар екі аптадан бірнеше аптаға дейін созылған курстарда тек теориямен шектеліп қоймай, практикалық дағдыларды да меңгерді.
Бағдарлама аясында оқытылған мамандықтар қатарында слесарь-сантехник, автослесарь, газоэлектросварщик, флорист, шаштараз, тігінші сынды еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие кәсіптер бар.
– Биылғы жылы «Жұмыс тап» бағдарламасы бойынша 150 адам тегін оқыту курстарынан өтті. Оның ішінде 41 адам флорист, 24 адам газоэлектросварщик, 15 адам автослесарь, 28 адам шаштараз, 14 адам тігінші мамандығы бойынша оқуды аяқтады, – дейді «Өркен» орталығының директоры Құралай Дәрімбаева.
Слесарь-сантехник мамандығы бойынша білім алған Ержан Ыбыраев – көпбалалы әке. Бұған дейін де осы салада еңбек етіп келген азамат енді біліктілігін ресми түрде растауға мүмкіндік алды.
«Осы тегін курсты оқып, білімімді жетілдіруге шешім қабылдадым. Қазір паркте слесарь болып жұмыс істеймін. Бұрын құжат болмағандықтан, көмекші ретінде жұмыс істеп жүргем. Енді қолымда диплом бар, өз мамандығым бойынша заңды түрде еңбек ете аламын», – дейді Ержан.
Ол бұл мүмкіндікті ағасы арқылы білгенін айтады:
«Курс жайлы ағамнан естідім, ағамның сыныптасы осы курсты жүргізеді екен. Тегін оқу болған соң бірден келістім».
Курс жүргізушілерінің бірі Александр Босиков тыңдаушылардың жоғары ынтасын атап өтті:
«1 шілдеден 16 шілдеге дейін өткен оқу барысында монтаждау, техникалық жабдықтарды орнату, құбырларды біріктіру, су және кәріз жүйесін жүргізу сияқты маңызды дағдылар үйретілді. Қатысушылар ересек болғандықтан, материалды тез меңгеріп, бұрынғы тәжірибелерін де тиімді пайдаланды».
Маманның айтуынша, еңбекке бейім адамға тек дұрыс бағыт көрсетілсе жеткілікті.
«JUMYS TAP» – тек кәсіби білім беру емес, әлеуметтік қолдау тетігі. Жобаның ерекшелігі – қатысушылардың арасында көпбалалы аналар, зейнеткерлер, жастар сияқты әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Ең басты талап – жұмыс істеуге деген ниет пен ынта.
«Міне, осылайша теориямен ұштасқан тәжірибе болашақ шеберлердің біліктілігін арттырып қана қоймай, еңбек нарығына сенімді қадам басуына жол ашады».
Жоба биылға өз жұмысын аяқтағанымен, жүздеген адамның өміріне оң өзгеріс әкеліп, табыс табудың жаңа мүмкіндігін ашты. Енді олар – кәсіби маман ғана емес, болашағына сеніммен қарайтын азаматтар.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»