Жаңа Конституция жобасы талқыланды

Қарағанды облыстық әділет департаментінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында құжаттың мазмұны, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты талқыланды. Кездесуге адвокаттар алқасының мүшелері қатысып, заң саласына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ Конституция жобасының құқықтық жүйеге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына әсері сөз болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жаңа заңнамалық бастамаларды кәсіби ортада талқылап, құқықтық түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында құжаттың негізгі ережелері таныстырылып, енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді. Құқықтық жүйені жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

– Кездесудің мақсаты – Конституцияға енгізілген өзгерістерді таныстыру. Жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылған. Негізі бұл құқықтар бұрыннан заңмен қорғалатын, дегенмен жаңа Конституцияда оларға ерекше мән беріліп отыр, – деді Қарағанды облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы Ғалым Әбдібаев.

Жаңа конституциялық жобада адвокаттардың мәртебесіне қатысты бап енгізілді. Жиында қатысушылар адам құқықтарын қорғау, тегін құқықтық көмек көрсету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар конституциялық реформаларды қоғамдық талқылау үдерісінде заң қауымдастығының рөліне ерекше назар аударылды.

– Сонымен қатар адвокаттардың мәртебесі көтеріліп, халыққа тегін құқықтық көмек көрсету және адам құқықтарын қорғауға ерекше басымдық берілуде, – дейді Ғалым Әбдібаев.

Мамандардың айтуынша, аудитория пікірі ел үшін стратегиялық маңызды құжатты талқылауға сарапшылар қауымдастығын кеңінен тартуға, сондай-ақ ашықтық пен жариялылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»