Жаңа кезең – жаңа міндеттер

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Биылғы Жолдау елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріндегі маңызды бетбұрыс ретінде бағаланып отыр. Мемлекет басшысы бірқатар жаңа бастаманы ұсынып, олардың әрқайсысы еліміздің дамуына серпін беретінін атап өтті.

Жолдаудағы ең өзекті мәселелердің бірі цифрлық даму мен жасанды интеллектіні енгізу. Президент бұл бағытта арнайы министрлік құру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың өрісін кеңейту үшін арнайы заң қабылдау қажеттілігіне тоқталды. Бұл қадам жасанды интеллектіні экономиканың, білім беру мен денсаулық сақтаудың, өндіріс пен ғылымның барлық саласына тиімді енгізуге мүмкіндік бермек.

Осы бастамаға қатысты өз пікірін білдірген Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Серік Санаубаев: «Менің өзіме ұнағаны цифрлық даму және жасанды интеллект болды. Бұл мәселе бойынша Президенттің ұсынысы: біріншіден, дәл осы мәселемен айналысатын министрлік құру керек. Екіншіден, цифрлық заңды жасау қажет. Жасанды интеллект өміріміздегі әр салаға тиісті. Сондықтан осы тұрғыдан алып қарағанда дамыған елдерден қалыс қалмауымыз керек», – деді.

Президенттің Жолдауында көлік және логистика саласына да ерекше назар аударылды. Автомобиль және теміржол желілерінің сапасын жақсарту, транзиттік әлеуетті арттыру, Еуразиядағы маңызды көлік хабына айналу жоспары айтылды. Сонымен бірге ғылым мен білім саласына қатысты жаңа бастамалар көтерілді. Ғалымдарға қолдау көрсету, жастарға жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері ерекше атап өтілді.

Бұл туралы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті «Студенттер үйінің» директоры, Қарағанды қаласының қоғамдық кеңес мүшесі Бектас Жұман өз ойын былай жеткізді.

– Жолдаудың ұнамды тұстары көп болды. Оның ішінде тасжол, теміржол мәселелерінің сапасын жақсарту, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні ұтымды пайдалану, ғылым мен білімге аса мән беру. Сондай-ақ ғалымдарға жайлы жағдай жасап, қолдауды тапсырды. Мемлекет басшысы су мәселесіне де тоқталып, диқандардың суды рұқсатсыз пайдалануының салдарынан Каспий мен Арал теңіздерінің тартылуы экологиялық апатқа ұшырататынын айтты. Көпке ұнаған тұстарының бірі – қос палаталы парламенттен бір палаталы парламентке ауысу реформасын халықтық референдумда қарау туралы бастамасы. Мемлекет басшысы жастарды назардан тыс қалдырмай, Мағжан сенген «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарға да сенім артатынын жеткізді. Расымен де, білімді жастар елдің жарқын болашағы, – деді ол.

Жолдауда айтылған бастамалар тек саяси немесе экономикалық реформалар ғана емес, қоғамдық келісім мен болашаққа сенімді қадамның айқын көрінісі. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектен бастап, экология, көлік, білім және жастар саясатына дейінгі бағыттар мемлекетіміздің даму траекториясын айқындайды.

Ел азаматтарының пікірлері де көрсетіп отырғандай, биылғы Жолдау Қазақстанның заманауи талаптарға бейімделген, алға ұмтылған стратегиялық даму жоспары. Ал бұл жоспардың іске асуы билік пен қоғамның ортақ күш-жігеріне тікелей байланысты.

Ералы ҒАНИ,

«QH»