Жаңа бастама

Жақында Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салатын заңнамалық норманы бекіту туралы пікір білдірді. Бұл бастама қоғамда қарама-қайшы пікірлер туғызды. Қарағандылық қоғам белсенділері мен аналар бұл туралы не ойлайды?

Үйде жалғыз қалу қаупі. 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салу бастамасы жүзеге аспақ. Қарағандылық тұрғын Надежда Бурец көпбалалы отбасында өскенін еске алады. Ол кезде балалар бір-біріне қарайласып, өздерін өздері баққан. Әртүрлі жағдай болғанымен, бәрі аман-сау. Ал өзінің жалғыз қызын ешқашан қараусыз қалдырмайды. Оның пікірінше, қазіргі заманда қауіп тек сырттан емес, үйде де туындауы мүмкін.

– Оны ойластыру керек. Қазір мүмкіндік көп, балабақшаға, ата-әжелеріне тастап кетуге болады. Әр адамның мүмкіндігі бар. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Баланы жалғыз қалдыруға болмайды, – дейді қала тұрғыны Надежда Бурец.

Сондықтан Надежда Бурец Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның бастамасын қолдайды. Оның айтуынша, балаларды 12 жасқа дейін қараусыз қалдыруға тыйым салу – дер кезінде қабылданған және маңызды шешім.

– Егер бізге 12 жасқа дейін төлем төлейтін болса, біз балаларымызбен үйде отыратын едік. Біз балаларды асырауымыз, оларды киіндіруіміз керек. Үкіметтен біз ештеңе сұрап отырған жоқпыз, сондықтан бізден де ештеңе талап етпегені дұрыс. Балаларымды бір-біріне сеніп тапсырып, жұмыс істейміз, – деген пікірде енді бір тұрғын Ақторғын Есенбаева.

Математика пәнінің мұғалімі Ақторғын Есенбаева биыл қыркүйекте жұмысқа шыққан. Оның айтуынша, отбасын қамтамасыз ету үшін күйеуіне қолғабыс жасау қажет болған. Ақторғын бес баланың анасы, олардың ең кішісі 1 жас 4 айда, ал үлкені – 12 жаста. Ол үлкен балалары кішкентайларға қарап отырғанын айтады. Ақторғынның айтуынша, ата-аналарға балаларын күні бойы бақылауда ұстауға мүмкіндік беру үшін алдымен әлеуметтік жағдай жасалуы керек.

– Жұмысқа кетер кезде, терезеге бармайды, пешке жоламайды. Пышақ пен қайшыларды тығып қоямыз, әрдайым байланыста болуларын тапсырып кетеміз. Бұрын заман басқа болатын. Қазір заман ағымына ілесу керек. Егер заңды дұрыс қарастырып, балаға бірдей төлем жасаса біз қарсы емеспіз, – деп атап өтті ол.

Бұл ұсыныстың басты себебі – балалардың қатысуымен болған бірнеше өрт оқиғасы. Динара Закиеваның мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері Қазақстанда 15 өрт болған, олардың барысында балалар қайтыс болды. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар балалар үйде жалғыз қалған сәтте орын алған. Динара Закиева осындай жағдайларды азайту үшін отбасыларды қолдайтын арнайы бағдарламалар енгізу қажеттігін айтты.

– Ересектердің балаларын қараусыз қалдыруының түрлі себебі бар – ақша табу қажеттілігі, көршілерге бару, шараларға қатысу және тағы да басқа дүниелер. Динара Болатқызы бұл мәселені екінші пікірін білдіре отырып атап өтті. Ол ең алдымен мұндай отбасыларды қолдайтын арнайы бағдарламалар қажет екенін айтты. Барлық қиындықты ескеріп, ұсынысты қабылдау мүмкін емес, – дейді Қарағанды облысы бойынша Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева.

Қақтығыстарды шешу орталығының басшысы Татьяна Савицкаяның пікірінше, балаларды қараусыз қалдырмау туралы шектеулер енгізбес бұрын, алдымен отбасылардың жағдайын жақсартатын орта жасау керек.

– Ұсыныс өте жақсы деп ойлаймын. Егер қолданысқа енгізілсе, аз қамтылған отбасылардыда ойлау керек. Бәрі жұмыс істейді, балаға қарамайды. Жалғыз қалған балаға қауіп көп, орын алған қайғылы оқиғалар бала жалғыз қалғанда орын алады. Анасы баласымен үйде отырса, қауіпсіз болар еді, – деп санайды «Диалог» орталығының басшысы Татьяна Савицкая.

Оның айтуынша, бұл шара барлық отбасы үшін емес, тек тәуекел тобындағы отбасыларға бағытталуы тиіс. Мұндай отбасылар қалалық немесе аудандық әкімдіктердің есебінде болуы керек. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастама қоғамда қарама-қайшы пікірлер тудырды. Бірі оны қолдаса, енді бірі алдымен әлеуметтік жағдай жасау керегін айтады. Әрбір отбасы үшін жеке тәсіл қарастырылуы тиіс.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                    

«QH»