«Жаңа бағыттағы кітапхана»
Қазіргі таңдағы жан-жақты білім мен тәрбие беретін мәдени орындардың бірі – мектеп кітапханасы. Мектеп кітапханасын қазіргі заманға сай автоматтандыру және жаңартылуы өте маңызды. Бұл процесс кітапхана қызметтерінің тиімділігін арттыруға, оқушылар мен мұғалімдердің ақпаратқа қолжетімділігін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңартылған кітапханалар оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыруға, олардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Осы орайда, 30 қазан күні Қарағанды қаласындағы академик Е.А.Бөкетов атындағы мектеп кітапханасында Либрис автоматтандырылған кітапхана жүйесі бойынша оқыту семинары өтті. Семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырған кітапхана меңгерушісі Нағима Иткарина қатысушыларға бағдарламаның мүмкіндіктерін тиімді түсіндіріп, оны қолдану жолдарын үйретті. Семинар барысында қатысушылар Либрис бағдарламасының негізгі функцияларымен, кітап қорын басқару, оқырмандар деректерін тіркеу, кітаптарды қарызға беру және есебін жүргізу сияқты маңызды бағыттарымен танысты. Тәжірибелік бөлімде кітапханашылар бағдарламаны өз бетінше қолданып көрді, бұл жаңа білімдерін іс жүзінде бекітуге мүмкіндік берді.
Қатысушылар семинардан жақсы әсер алып, жаңа білімдерінің жұмыс барысында қажеттілігі мен тиімділігі туралы оң пікірлер білдірді. Танымды, қызықты, қолжетімді және мазмұнды семинар үшін Нағима Зиядақызына алғыс білдіреміз.
Нағима Иткарина сынды мамандардың кәсібилігі кітап оқу мәдениетін дамытып, кітапханашы мамандығының алға жылжуына үлкен ықпал етеді. Нағима сияқты білікті мамандардың арқасында кітапханалар тек ақпарат сақтау орны емес, сонымен қатар шығармашылық пен білім алуға арналған алаңға айналады. Мұндай мамандардың болуы кітапханашы мамандығының беделін көтеріп, жастарды кітап оқуға ынталандырады.
Саягуль БАЙЖҰМАНОВА,
Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің кітапхана меңгерушісі