Жаңа алаң – жаңа мүмкіндіктер
Қарағанды қаласындағы №6 арнайы мектеп-интернат аумағында көпфункционалды спорт және ойын алаңының салтанатты ашылуы өтті. Бұл күн – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін маңызды әрі есте қаларлық оқиғалардың біріне айналды.
Мерекелік шара спорттық шеру мен көтеріңкі көңіл-күймен басталды. Алаңның ашылуына арнайы білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері, мұғалімдер, спортшылар мен шақырылған қонақтар қатысты. Салтанатты жиында сөз сөйлеген «Батыр боламын» қоғамдық қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы:
– Біз бүгінгі таңда Қарағанды мен Ұлытау облысында жабдықталып жатқан ерекше балаларға арналған мектептерде осындай спорт объектілерінің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл алаң заманауи технологиялар негізінде жасалған. Құрылыс барысында зиянды емес, экологиялық таза материалдар қолданылған. Ыстық күнде де балалардың денсаулығына кері әсер етпейтіндей етіп жасалды. Бір сөзбен айтқанда, балалардың қуанышы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл нысан балалардың игілігіне ұзақ жылдар қызмет ете берсін! – деді.
Алаңның ашылуы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асты. Бұл – «Қарағанды облысындағы арнайы мектеп-интернаттар мен балаларға қолдау көрсету орталықтарының тәрбиеленушілерін дене шынықтыру арқылы дамыту» жобасының бір бөлігі. Аталған жоба аясында өңірдегі 10 мекемеге 488 миллион теңге бөлінген. Алаңдар футбол, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлеріне бейімделіп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға ыңғайластырылып жабдықталған.
Айта кетейік, 2022–2023 жылдары да қор арнайы мектептерге арналған шеберханалар мен спорт залдарын жабдықтауға 330 миллион теңге бағыттаған болатын.
Салтанатты рәсімнен кейін футболдан чемпионат басталды. Оған ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен балаларды қолдау орталықтарының тәрбиеленушілері қатысты. Сол күні жаңадан ашылған алаңда ұлттық инклюзивті спорттық ойындар – «Жұлдызай 25» аймақтық кезеңі де өз шымылдығын ашты. Бұл ойындар жыл сайын ерекше дарынды балаларды біріктіріп, олардың әлеуетін арттыруға, қоғаммен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етіп келеді.
Жаңа спорт алаңы – мүмкіндігі шектеулі балалардың дене дамуына ғана емес, олардың қоғамға бейімделуіне, өзін еркін сезінуіне үлкен септігін тигізетін маңызды әлеуметтік жоба. Осындай нысандардың көбеюі – инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы нақты қадам.
Ералы ҒАНИ,
«QH»