Жаңа алаң, жаңа мүмкіндік

Қарағанды қаласының басты спорт нысандарының бірі – «Шахтер» стадионында ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жобаның негізгі мақсаты – стадион инфрақұрылымын жаңартып, спортшылар мен жанкүйерлер үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар облыс орталығын дамытуға арналған кеңес барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырылды. Жиында спорт нысандарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру – өңір дамуының маңызды бағыты екені атап өтілді.

Өткен жылы стадионның негізгі футбол алаңы толықтай жаңартылып, заманауи сұйықтықпен жылыту жүйесі орнатылды. Сонымен қатар жеке жылу пунктіне дейін жылу трассасы тартылды. Ауыр атлетика залына күрделі жөндеу жүргізіліп, шатыр, су және жылу жүйелері жаңартылды. Жаттығу құрылғыларының бір бөлігі ауыстырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта жасалды.

Алдағы кезеңде де бірқатар маңызды жұмыс жоспарланған. Ақпан айында алаңды жылыту жүйесін сынақтан өткізу көзделсе, мамыр айында жасанды жабынды төсеу басталады. Бұған қоса прожекторлық жарықтандыру орнату, жеңіл атлетика секторына тартан жабынды төсеу, дауыс зорайтқыштарды жаңарту және трибуналар үстіне қалқа қою жұмыстары қатар жүзеге асады.

Сондай-ақ Freedom Finance компаниясымен бірлесіп, киім ауыстыратын бөлмелері, медициналық пункті және қосалқы үй-жайлары бар жабық футбол манежінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан қыс мезгілінде де жаттығу өткізуге, балалар арасындағы турнирлерді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, жасөспірімдер спортының дамуына серпін береді.

Бұдан бөлек, «Локомотив» стадионының футбол алаңын күрделі жөндеуден өткізу және «Шахтер» стадионы трибуналарының астындағы үй-жайларды қайта жаңғырту жоспарланған. Аталған жұмыстар стадионды UEFA-ның 4-санат талаптарына толық сәйкестендіруге бағытталған. «Шахтер» стадионының негізгі алаңын қайта жаңарту жұмыстары биыл толық аяқталуы тиіс.

– 2026 жыл спорт инфрақұрылымын белсенді жаңғырту кезеңі болады. Басты міндет қолға алынған жобаларды сапалы аяқтап, жаңа шешімдерді енгізу. Бұл спортшылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасап, түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді, – деді «Шахтер» КМКК директоры Нұрлан Рыстин.

Өз кезегінде облыс әкімі спорт нысандарын жаңарту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Шахтер» стадионы – қаланың ең көне әрі маңызды спорт нысандарының бірі. Мұнда жаттығу жасауға да, жарыс өткізуге де, жанкүйерлер үшін де барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл жалпы облыс бойынша спорттың дамуына оң әсер етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Айта кетейік, биыл Қарағанды қаласының «Күнгей» шағынауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Бұл қала тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына қосымша мүмкіндік болмақ.

Ералы ҒАНИ,

«QH»