Жәрмеңкеде баға төмен

Қарағандыда ауылшаруашылығы өнімдерінің алғашқы жәрмеңкесі өтіп, өңірдегі 7 аудан мен 3 қаланың еңбеккерлері өз өнімдерін ұсынды. Ең бастысы, халық тұтынған азық-түліктің барлығы базар бағасынан 10-15 пайыз арзанға сатылды.

Жәрмеңкені жұрт жылда асыға күтеді. Ауылдың қазы-қартасын, құрт-майын аңсаған қалалықтар бұл күні қысқы азығын қамдап қарық болады. Себебі баға төмен. Айталық, сиыр етінің әр келісі 2000 теңгеден, сарымай 4000 теңгеден, ал картоп 100 теңгеден сатылды. Ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, жәрмеңкеге 50 тонна ет, 340 тонна картоп, 100 тонна көкөніс, 170 мың дана жұмыртқа, тағы басқа өнімдер жеткізілген. Барлығы 560 тонна, шамамен 250 миллион теңгенің өнімі.

Түске дейін соның тең жартысы өтіп кеткен. Ал жәрмеңкеге жете алмай қалған тұрғындар үшін алдағы сенбіде, яғни 15 және 22 қазан күндері «Глобал Сити» сауда алаңында тағы ұйымдастырылады.

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан облыс диқандары мен бағбандары жақсы өнім жинады. Жаңа технологияны қолданудың арқасында дәнді дақыл түсімі әр гектардан 9,5 центнерден айналып, 885 тонна жиналды. Картоп пен көкөніс те былтырғы жылдан мол жиналды, – дейді Қарағанды облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

 

Асыл АЙБЕК,

«QH»