Жәрмеңкеде баға төмен
Қарағанды қаласында ұйымдастырылған үш жәрмеңкеде 1500 тоннадан астам өнім сатылды. Өткен сенбінің өзінде фермерлер 400 тоннаға жуық түрлі азық-түлік тауарларын сатты.
Бірінші жәрмеңкедегідей, өткен демалыс күні дүрбелең болмады. Сатушылардың айтуынша, азықтүлік сатылымына байланысты, бұл жолы жиналған адам саны аз. Тұрғындардың басты қажеттілігі – ет өнімдері. Ал, көкөніс сауда нүктелерінде ұзын-сонар кезек жоқ.
Сондай-ақ, тауық жұмыртқасына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Бірінші санаттағы он жұмыртқа 320, екінші санат 220 теңгеден, 10-30 теңге айырмашылығымен үш жеңіл көлікте сатылды.
Пияздың сатылымы жұмыртқадан кейін екінші орынға жайғасты. Сұранысқа ие көкеніс отыз келілік қаптармен 70 теңгеден сатылды. Ал, картоп, қырыққабат және сәбіздің бір келісі 110 теңге болды.
Алма бағасы да тұрғындарды қатты қуантты. Супермаркеттер мен шағын дүкендерде бір келісі 500 теңгеден басталатын жемістің жәрмеңкедегі бағасы – 250-350 теңге.
Картоп пен қырыққабат сатуға келгендердің бірі – Шет ауданының тұрғыны Мұрат Оспанов. Айтуынша, аталған көкеністер ауылдық жерде 100 теңгеден сатылады.
— Өткен жәрмеңкелердің үшеуіне де келдім. Сауда жақсы жүріп жатыр. Бұл жолы картопқа қарағанда, қырыққабат жақсы сатылды, — дейді сатушы.
Жәрмеңкенің басты тауары – ет өнімдері. Сиыр етінің бір килограмының орташа бағасы – 2000 теңге. Кейбір сатушылар 1800 теңгеден сатқан. Шет және Қарқаралы аудандарының тұрғындары 10 бас төлден әкеліп, сатты. Барлық ет өнімдері күндізгі сағат он бірге дейін сатылып кеткен.
Сонымен қатар, жылқы еті сүйегінің болуболмауына байланысты 2400- 2800 теңгеден сатылды.
Ауыл шаруашылығы басқармасы балық — 600- 1000 теңге, қой етінің бір келісі — 1800, тауық еті — 1400 теңгеден сатылғандығын атап өтті.
Басқарма мәліметінше, бұл жолы жәрмеңкеде 412 тонна өнім сатылды. Атап айтқанда – 100,3 тонна ет, 7,4 тонна балық, 15,1 тонна сүт өнімдері, 130 мың дана жұмыртқа, 180 тонна картоп, 77 тонна көкөніс және 30 тоннадан астам басқа да өнімдер.
— Ет пен сүттің негізгі жеткізушілері — Жаңаарқа, Қарқаралы, Ақтоғай және Шет аудандарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері. Картоп пен көкөністерді Абай, Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері сатты. Жергілікті құс фабрикалары жұмыртқа мен құс етін қойды, — деді Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілі.
Жәрмеңке қараша айының алғашқы сенбісінде «Global City» көтерме-тарату орталығының аумағында өтті. Онда сегіз ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, сондай-ақ облыс қалаларының қайта өңдеу кәсіпорындары өз өнімдерін нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен бағамен ұсынды.
Үш жәрмеңкенің қорытындысы бойынша барлығы бір жарым мың тоннадан астам түрлі өнім сатылды.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
QH.