Жүргізушілер шағымы
Жүргізушілер жолын көлік аялдар тұрақ қылған. Назарбаев даңғылындағы бір ғимарат жақында жекеменшік мектеп болып ашылған. Мектептен балаларын алып кетуге келген ата-аналар бүтін бір жолаққа көліктерін қаңтарып, кептеліс тудырып отыр деп көлік жүргізушілері шағымдануда. Осы орайда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері рейдке шықты.
Бұрынғы «Лингва» колледжінің орнына жеке-меншік мектеп ашылғалы бері Назарбаев даңғылында қозғалыс кешкі 17:00-ден кейін баяулап қалады. Мұның басты себебі, мектептен балаларын алып кетуге келген ата-аналардың толық бір жолақты көлік тұрағы етіп алғаны. Осыған байланысты бірнеше жүргізуші шағымданған.
– Қазіргі таңда Назарбаев даңғылының бойында, 35 мекеменің жол бойында әкімшілік құқық бұзу фактілері анықталды. Ол жолда тоқтауға болмайтын жерге 12 тармақпен 87,8 пункті бойынша патрульдік полиция қызметкерлері келіп, әкімшілік хаттама толтырылды. 597 баптың 3 тармағы бойынша. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің хаттама толтырылғанда 10 айлық есеппен, көрсеткішпен айыппұл салынады, – деп түсіндірді Қарағанды қаласы әкімшілік ПБ бастығы Маурат Уахтов.
Осы ретте әкімшілік Полиция басқармасының бастығы ата-аналар мен мектепке келушілерге құлаққағыс жасады.
– Қарағанды тұрғындарынан жол ережесін сақтауды, басқа азаматтарға кедергі келтірмеуді сұраймыз. Біздің іс-әрекетіміз бойынша, хаттама толтыру жүргізушінің сана-сезіміне байланысты. Жиі хаттама толтыра алмаймыз, басқа жерде тұрақ орнату мәселелерін қарастыру керек, – дейді Маурат Уахтов.
Жеке-меншік мектептің басшылығы болса, бұл сұрақ бойынша әкімдікке талай жүгінгендерін жеткізді.
«Иә, шынымен де мұндай мәселе бар, себебі, автотұрақ осыншама көлік санына есептелмеген. Бірақ мынаны ескеру керек, біздің ғимаратта үш ұйым орналасқан, ал ғимараттың алдында екі жолақты тар көшенің өтуі кептелістерге әкеліп отыр. Біз де бұл мәселе бойынша Қарағанды қаласының әкімдігіне жүгінген болатынбыз», – деді мектеп басшылығы.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары келесіде Назарбаев даңғылындағы қозғалысты қатаң бақылауға алып, мектеп басшылығымен талқылау жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»