Жүректерге жылу сыйлаған жаңа жылдық мюзикл

Жаңа жылдың сиқырына толы ғажайып сәттер жақындап келеді. Осы мерекелік кезеңде Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымы балалар мен ата-аналарға ерекше қуаныш сыйлауды мақсат етіп, «Жер жүрегінің жалыны» атты жаңа жылдық қайырымдылық мюзикл мен шырша маңындағы мерекелік бағдарламаны ұйымдастырды. Бұл игі шара ең алдымен әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларға – Қарағанды қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы интернат тәрбиеленушілеріне, «Лучик надежды» қайырымдылық қорының қамқорлығындағы балаларға, «Отбасын қолдау орталығының» балаларына арналған. Ұйымдастырушылар олардың әрқайсысына шынайы қуаныш, ертегідей әсер мен жаңа жылдық жылулық сыйлауды көздеді.

Музыка мен биден өрілген мюзикл көрермендерді табиғаттың тепе-теңдігі, жарықтың күші мен жақсылықтың қайта жаңғыруы туралы ғажайып ертегі әлеміне жетелейді. Қойылымның басты кейіпкері – қыстың жарығын қорғаушы Қарша қыз. Жаңа жыл түні ол фьёкалар мен Санталармен бірге Аяз Атаның аралын мерекеге дайындап жатқан сәтте, жер қойнауынан ежелгі от пен қиратудың иесі Тека оянады. Ал зұлым Таматоа Аяз Атаның сиқырлы таяғын ұрлап, бүкіл әлемді қараңғылыққа батырады. Жаңа жылдың жарығы мен жалынын қайта ояту үшін Қарша қыз аты аңызға айналған Қорғаушылар – Моана мен Маугиге жүгінеді. Батырлар от пен толқын арқылы сынаққа толы сапарға аттанып, тепе-теңдікті қалпына келтіру және Жер жүрегін құтқару жолында күреседі. Қойылымда көрермендерді таңғалдырған көптеген жарқын кейіпкерлер бейнеленді. Олардың қатарында от жалынының тілдері, толқын рухтары, дана Урсула, дала патшайымы Томирис, Самұрық құсы мен оның балапаны бар. Самұрық құсы – жарықтың қайта жаңғыруының символы ретінде сахнада ерекше әсер қалдырды. Мюзикл ертегі желісін, әсерлі музыканы, жанды вокалды, заманауи хореографияны, динамикалық жарық пен визуалды эффектілерді үйлестіре отырып, көрерменге терең ой мен жылулық сыйлайтын сахналық туындыға айналды. Қойылымның басты идеясы – Жаңа жылдың жалыны әр адамның жүрегінде туады. Жақсылыққа сену, бірлік пен мейірім арқылы ғана ішкі жарықты сақтап, кез келген түнекті жеңуге болады. Шара аясында №2 Оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова мюзиклдің маңыздылығына тоқталып, оның тәрбиелік мәнін атап өтті.

– Бұл қойылымның негізгі мақсаты – балаларға жаңа жылдық көңіл күй сыйлау ғана емес, олардың жүрегіне үміт пен сенім ұялату. Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалар үшін мұндай мерекелік шаралар аса маңызды. Біз әр баланың өзін ертегінің бір бөлшегі ретінде сезінуін қаладық. Сондай-ақ, бұл жобаның үлкен шығармашылық еңбектің нәтижесі. Музыка, вокал, би, жарық пен визуалды шешімдердің бір сахнада үйлесім тапқаны ерекше. Жарық пен жылу сырттан емес, адамның өз жүрегінен басталады. Егер балалар осы ойды түсініп өссе, біздің еңбегіміздің ақталғаны, – дейді №2 Оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова.

Мерекелік кеш жылы әрі әсерлі атмосферада өтіп, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. «Жер жүрегінің жалыны» мюзиклі жаңа жылдың басты құндылықтарын – мейірім, бірлік пен сенімді дәріптей отырып, балалардың да, ересектердің де жүрегіне жарық пен үміт сыйлады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»