Жұмыссыздықтан кәсіпкерлікке дейін: Қарағанды облысында грант иегерлері өз жолдарын қалай тапты

Қарағанды облысында биыл 178 адам өз ісін ашуға мемлекеттік грант алды. Олардың барлығы бұрын жұмыссыз болып саналған, әлеуметтік осал санатқа жататын. Көпшілігі көп балалы аналар, мүгедек немесе мүгедек баланы тәрбиелеп отырған. Олар өз өмірлерін түбегейлі өзгерте алды: өз бетінше ақша тауып, жұмыс орындарын құрды.

Гүлқаш Ошанова өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, хирургиялық операция медбикесі болып еңбек еткен. Бірақ ауыр дертке шалдыққаннан кейін ол мүгедектікке ұшырап, жұмысын тастауға тура келген. Он жылдан астам жұмыссыз отырды. Күйеуінің де мүгедектігі бар және жұмыс істемейді.

Қазір Гүлқаш Ошанова ұлттық спорт түрін насихаттайтын бизнеспен айналысады.

Ұлымен бірге ол Қарағандыда садақ ату орталығын ашты.

– Ұлым – бұрын әскери қызмет еткен, қазір мектепте АӘД-тан сабақ береді. Жасұлан мұндай бағдарлама бар екенін айтып, кейін бизнес-жоспар құруға көмектесті. Мен оны жүзеге асырып көруді шештім. «Бастау бизнес» курстарында кәсіпкерлік негіздерін үйрендім. Бизнес-жоспарымды қорғап, грант алдым – бір жарым миллион теңгеге жуық. Барлық қажетті жабдықтарды сатып алуға және залды жалға алуға ақша жеткілікті болды. Тамыз айынан бастап біз жұмыс істейміз, сабақтар жазба бойынша өтеді.

Мен іс жүргізіп жатырмын, ал Жасұлан балалар мен ересектерге садақ атуды үйретеді. Бұл ұлттық спорт адам бойында төзімділікті, зейінін жетілдіру қабілетін, жеңіске деген ұмтылысты дамытады, – деді бастаушы кәсіпкер.

Көпбалалы ана Торғын Баймағанбетова грант алып, ұлттық үлгідегі киім тігу үшін ателье ашты. Жас кезінде ол бухгалтерлікті оқыған, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Бала күтіміне байланысты демалысында ол балаларына киім тігуді бастады. Балалық шағында әжесінен үйренгенін есіне түсірді. Бірте-бірте үйде жұмыс істеп, адамдардан тапсырыстар түсе бастады. Мемлекеттік грантқа шағын ательеге арналған үй-жайды жалға алып, жабдық сатып алған.

Кәсіпкер командасына тағы үш жұмысшыны қабылдады. Оның айтуынша, клиенттер базасы тек Қарағандыда ғана емес, елордадан, Қазақстанның басқа қалаларынан да тапсырыс берушілермен толыққан. Оқушыларға арналған ұлттық өрнегі бар көкірекшелер, сондай-ақ аксессуарлар танымал.

– Өз ісін ашуға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Сома – 400 АЕК-ке дейін, бүгінде бұл 1 476 800 теңге. Үміткерлердің өтініштерін қарайтын өңірлік комиссиялардың шешімдері негізінде облыстың барлық қалалары мен аудандарында гранттар беріледі. Қолдау өтеусіз, бірақ белгілі бір уақыт ішінде жобаның іске асырылуына, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізіледі, – деп түсіндірді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Биыл 178 грант берілді. Келесі жылы көбірек жоспарланған.

Биылғы бизнес-жобалар әр түрлі, әркім өз орнын табуға тырысады. Мысалы, Саран қаласында гранттық қаражат оттегі барокамерасын ашуға пайдаланылды. Бірнеше ауыл кәсіпкерлері гидропонды мал азығын өндірумен айналысты. Шет ауданында өскен бидайдан бионан пісіру жобасы қолдау тапты. Бұқар Жырау ауданында бөдене етін ыстау кәсіпорнын ашуға грант берілді.