Жұмыссыздық қалай жойылмақ?

Заңнамалық түзетулерге сәйкес, елдегі жастар ендігіде 29 емес, 35 жасқа дейінгілер болып саналады. Ал Қарағанды облысындағы әрбір бесінші тұрғын – 30 жасқа толмаған азамат. Жастардың жалпы саны 211 831 адамды, яғни өңір халқының 18,5 пайызын құрайды. 2022 жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру 222,4 пайызға артып, 2 млрд 256 млн теңгені құрады.

Жастар саясаты демография, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіби дайындық және тағы басқа мәселелерді қамтиды. Жалпы жастар саясаты жастарды қолдауға, дамытуға бағытталған. Оның ішінде ең басты басымдық – жұмыспен, баспанамен қамту. Әсіресе өзін-өзі жетілдіру жолында жастарды кәсіпкерлікке баулу аса маңызды. Десе де бүгінгі жастар ортасындағы басты проблема – жұмыссыздық. Бұл өзекті мәселе осыған дейін облыс әкімінің төрағалық етуімен өткен Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында талқыланған. Онда жауапты құрылым өкілдері, белсенді қоғам мүшелері жастарды жұмыспен қамту бағытындағы өзекті мәселелерді ортаға салған. Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіге де осы өзекті тақырып арқау болды. Қарағанды облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жайы талқыланды.

Жастар – қоғамның ең белсенді және мобильді бөлігі. Елдің экономикалық әрі саяси тұрғыдағы өзгерісіне де жастар – ықпалды топ. Бұл орайда жастарды жұмыспен қамту қарқынын үдету үшін жастардың идеясы мен бастамалары ескеріледі. Осы бағытта облыстың экономикалық тұрғыдағы дамуына жастарды тарту өзекті. Сол үшін де жастар ресурстық орталықтары барынша жұмыс жасауда. Жалпы, облыс бойынша жастардың қатысуымен жыл бойына 3 859 түрлі шара ұйымдастырылған. Балалар үйінен шыққан жастарды жан-жақты қолдау үшін психолог, заңгер, дәріскер көмегі қарастырылған. Осы негізде 28 заңгерлік кеңес беріліп, психологиялық 114 консультация жасалды.

Жастарда ынта, жігер бар. Үкімет тарапынан да кешенді қолдау жеткілікті. Десе де жастар ортасындағы жұмыссыздық проблемасы толық шешілмей отыр. Жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын, ешқандай іскерлігі жоқ жастардың 2022 жылдың 3-кварталындағы үлесі 9,4 пайызды құраса, өткен жылдың баламалы мерзімімен салыстырғанда 0,4 пайызға төмендеген.

Жастар мәселесі барлық мүдделі мемлекеттік органдардың назарында. Өткен жылы жұмыспен қамту мекемелеріне 14 380 жас жұмыс сұрай барған. Олардың 12 380-і еңбекке тартылған. «Жастар практикасымен» 1 036 жас түрлі бағытта жұмыспен қамтылды. Жастарды шағын және орта бизнеске тарту жүйелі түрде жүзеге асуда. Өңірде жастардың бизнес-жобаларын қолдау жұмысы да қарқынды. «Дипломмен – ауылға» жобасы шеңберінде ауылдық жерлерге барған жастарды аяқтан нық тұрғызу үшін барынша қолдау бар.

Десе де біздің аймақтағы жастардың жұмыссыздық мәселесі республикалық көрсеткіштен 2,8 пайызға жоғары. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Рауан Таранның айтуынша, жұмыссыздардың ең көп пайызы Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран және Шахтинск қалаларында анықталуда. Қалған өңірлерде жұмыссыз жастардың саны орта есептен аз пайызды құрайды. Мемлекеттік органдардың назарына мұқтаж 974 нақты адресатты анықтадық. Олар – жұмыссыздар және 4 жылдан астам декреттік демалыста жүрген жас әйел адамдар.

Жұмыссыздықпен күрес бағытында жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, бизнес ашудың алғышарттарын үйретіп, гранттар берілуде. Бұл бір бағыт болса, «Жасыл ел» жастар жасағы 14 жастан асқан жасөспірімдерді жазғы демалыстарда еңбекке бағыттайтын тағы бір бағыт болып отыр. Алдағы жазда «Жасыл ел» бойынша еңбекпен қамтылатындар қатарын 2 755-ке дейін жеткізу, яғни Қарағанды қаласында 1 мыңға дейін жасөспірімді, Теміртауда 450 және Бұқар жырау ауданында 200 жас азаматты жасыл ел қатарына алу мақсат етілген.

– Жұмыссыздыққа қатысты келеңсіз мәселені шешу үшін жастарды жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарға бағыттап, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұдайы өткізудеміз, – дейді жауапты басқарма басшысы. Сонымен қатар ендігіде жұмыспен қамту ұлттық жобасының «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Қоғамдық орындар» атты бағыттары бойынша жұмысқа қабылданатын жастар қатарын молайту көзделіп отыр. Жұмыссыздықпен күресте жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін 2,5 пайызбен несие беру механизмі де қолданыста. Бірақ ақпарат аздығынан, түсіндіру жұмыстары қажетінше жүргізілмегендіктен, бұл игіліктерден көпшілік бейхабар екені де жасырын емес. Мәселе жастар ресурстық орталықтарына ғана тиесілі емесін түсіндіріп, облыс әкімі де жауапты құрылым өкілдеріне, әкімқараларға бірқатар тапсырма жүктеген.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»