Жұмыспен қамту қарқынды
Қарағанды облысында жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 22 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл тұрақты және уақытша жұмыс орындары: жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары. Қоғамдық жұмыстар бойынша қазір мемлекеттік мекемелерге ғана емес, жеке секторға да жіберілуде.
Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы айтылды.
– Биыл барлық шарамен 31 мыңға жуық адам қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова. – Жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар «Бірінші жұмыс орны» жобасына қатысады. Өту мерзімі 1,5 жылға дейін ұзартылды және жалақы 91 890 теңгені құрайды. Жобаны 201 адам пайдаланды. Зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып жұмысқа орналастыру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бар. «Күміс жас» жобасы зейнеткерлікке шығуға аз уақыт қана қалған адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Оның арқасында 129 адам жұмысқа орналасу көмегін алды.
Жұмыспен қамтудың басқа да шаралары қолданылады. Мысалы, биыл облыста өз ісін ашуға 510 грант бөлінеді. Жыл басынан бері ісін жаңа бастаған 133 кәсіпкер қолдауға ие болды. Бұл – жастар және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар.
«Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік курстар сұранысқа ие.
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжановтың айтуынша, 8 айда өңірде 166 ШОБ нысаны ашылды, онда 850 жұмыс орны құрылды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі байқалады.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыспен қамту шараларын тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берді.